Хабар телеарнасы

Қазақстанда алғаш рет Ұлттық спорт күні аталып өтті

Бүгін Наурызнаманың онкүндігіне сәйкес, 20 наурыз Ұлттық спорт түрлері ұлықталатын күн.

Күш-қайрат, ептілік, мергендік, өзін-өзі кемелдендіру – мұның бәрі осы төл спортымыз арқылы дамиды. Жаугершілік заманда жаттығу түрі ретінде қолданылған дайындық әдістері бүгінде халық денсаулығын нығайтудың құралы. Дәстүрге сай әр мерекеде ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтеді. Ұлттық спортпен қанша адам айналысады, оның түрлері қандай?

Бәйге, көкпар, аударыспақ, жамбы ату, қазақша күрес, теңге ілу, құсбегілік, садақ тарту. Ұлттық спортымыздың тізімі айтарлықтай кең. Ресми түрде тіркелген 11 федерация бар. Ал зерттеушілер төл спортымыздың саны 25 деп топшылайды.

Диас Ахметшәріп, ҚР Туризм және спорт министрінің кеңесшісі:
- Жалпы ұлттық спорт түрі бізде 25-тен көп. Бізде ұлттық спорт қауымдастығы бар. Мемлекет тарапынан қазір Ұлттық спортқа ерекше көңіл аударылуда. Әкімшіліктер тарапынан 2023 жылдың қорытындысы бойынша облыс көлеміндегі қаражаттың суммасы 1,5 млрд теңгені құрады. Ал республикалық бюджеттен Ұлттық спортты дамытуға 362 млн теңге бөлінді. Жыл сайын бұл қаражат өсіп келе жатыр.

Ұлттық спортпен тұрақты қанша адам айналысады? Министрліктің дерегінше, 2019 жылы 400 мың болған. Насихаты жақсы жолға қойылғандықтың нәтижесі болар, биыл бұл сан 620 мың адамға жетіпті.  

Диас Ахметшәріп, ҚР Туризм және спорт министрінің кеңесшісі:
- Халықаралық, республикалық деңгейді алатын болсақ, 250 жарыстар өтеді. Ал облыстық, ауылдық, аудандық деңгейді алатын болсақ мыңнан асады. Сонымен қатар екі жылда бір рет халықаралық жарыстар өтеді. Ол әлем чемпионаты, Азия чемпионаттары. Көшпенділер ойыны екі жылда бір рет өтеді.

Тастанбек Құтжанұлы, Ұлттық спорт қауымдастығының вице-президенті:
- Ұлттық спорттың ішінде ең мықты дамығандары тоғызқұмалақ пен қазақ күресі ғой. Тоғызқұмалақтың құрамына мысалы, 20 астам мемлекет кіреді. Өте жақсы дамыған. Цифрлық онлайн жарыстарды өткізіп жатады. Олар тоқтамайды. Зияткерлік ойынның бірі осы тоғызқұмалақ деуге болады.

Бірқатар спортымыз ЮНЕСКО-ның материалдық емес мұралар тізіміне енген. Олар қазақ күресі, құсбегілік, асық ату және тоғызқұмалақ. Еліміз бойынша 13 мамандандырылған клуб, ұлттық спорт түрлері бойынша 10 спорт мектебі жұмыс істейді. Оған қоса 45 ипподром бар.

Тастанбек Құтжанұлы, Ұлттық спорт қауымдастығының вице-президенті:
- Бұдан басқа Атырау облысы да халықаралық стандартқа сай ипподром салатын болады. Алматы облысыда үлкен ипподром салатын болады. Біздің ат спортын дамытуға, оның ішінде бәйгелерді дамытуға ипподромдар салынатын болады. Спортқа енді ғылыми жағынан жоғарғы ғылыми спорт мектебі ашылды. Оның мақсаты
төрешілер мен жаттықтырушылардың біліктілігін арттыру және оларды қайтадан дайындау.

3-4 жыл болды ұлттық спортымыз мектептердің білім беру бағдарламасына енді. Әзірге тоғызқұмалақ пен қазақ күресі бойынша арнайы сабақтар өткізілуде. Енді дәстүрлі садақ тарту мен асық ату да осы тізімге қосылуда. Зерттеу мәліметтеріне сай отандастарымыздың 37% ұлттық спорт туралы біледі. 3-4% ғана айналысады.

Ердәулет Ыбырайұлы, тілші:
- Оны дәріптеу және жүйелі жұмыс жүргізу үшін ұлттық спорт тұжырымдамасы дайындалып жатыр.  Екі университетте ат спортының жаттықтырушысы және ат спортының ветеринары мамандығы ашылады. Еліміз бойынша 200 астам спорттық іс-шара ұймдастырылыпты.

Ердәулет Ыбырайұлы, Қобыланды Өтегенов, Болатбек Табалдиев