Хабар телеарнасы

Фристайл шеберлері Алматыға жиналды. Спорт жаңалықтары

Шаңғы фристайлы шеберлері Алматыға жиналды. Осы аптада Шымбұлақта әлем кубогының кезеңі өтеді. Алдымен могулдан медальдар сарапқа салынады. Сосын жұптық сындағы жарыс пен акробатикадан жеңімпаздар анықталады. 

Римма Волосенко Париж Олимпиадасына іріктеу турниріндегі екінші жекпе-жегінде жеңіске жетті.

60 келідегі Қазақстандық боксшы Венгриялық Петра Сабоның осал тұсын тапты. Алғашқы раундта жерлесіміз қарсыласын есеңгіретіп тастады. 60 келіде Олимпиаданың үш жолдамасы сарапқа салынады. Бүгін ерлер арасында Асланбек Шымбергенов пен Мұхамедсабыр Базарбайұлы шаршы алаңға шығады. Лицензиялық турнир Италияда өтіп жатыр. Жарыс 11 наурызда аяқталады.

Қазақстандық UNISERV MOTO82 командасы тұңғыш рет әлем чемпионатына қатысады.

Мотоцикл мінген жігіттердің айтулы жарысы сәуір айында Франция мен Бельгия және Жапония трассаларында өтеді. Дүниежүзілік додаға іріктеуден іркілмей өтіп, әлемдік рейтингте үздіктер қатарынан көрінген командалар ғана қатысады. Қазақстандық клуб сапында жергілікті спортшылардан бөлек, Чехия азаматтары бар. Тәжірибелі кіші Карл Пешек пен Дмитрий Прискоко және Мартин Вашулиндер әлем мықтыларымен сайысқа түседі.

Нұрғазы Сәтбаев, UNISERV MOTO82 командасының жетекшісі:
-Қазақстанда мотоспорт енді ғана қанатын кеңге жайып келеді. Қазір елдің Оңтүстік және Батыс аймақтарында мотоспортқа қызығушылар көп. Чехиядан тәжірибелі мамандарды шақырту арқылы қазақ жастарын тәрбиелесек деген мақсатымыз бар.Мотоспорты дамыған Италия, Испания, Франция секілді елдермен бәске түсу қиын. Дегенмен үздік үштіктен көріну үшін команда аянып қалмайды.