Хабар телеарнасы

Спортшыларымыз Азия ойындарында тағы бір алтынға қол жеткізді

Каратэден 60 келіде сайысқан Қайсар Алпысбай финалда кувейттік Абдулла Шаабанды 7:5 есебімен жеңді. Бұл – Қазақстанның Азия ойындарындағы тоғызыншы алтын жүлдесі. Бұған қоса дәл осы спорт түрінен 61 келідегі Әсел Қанай қоржынымызға қола медаль салды. Басқа жекпе-жек түрлерінде, атап айқанда, джиу джитсуда Галина Дауланова, ал әйелдер күресінде Жәмиля Бақбергенова күміс жүлдегер атанды. Ал слаломдағы ескек есу шеберлері қос қоланы жеңіп алды. Ханджоу қаласындағы Азия ойындары 9 қазанға дейін жалғасады. Қазақстан жалпы есепте 9 алтын, 16 күміс, 41 қоламен 11-ші орында.

Қайсар Алпысбай, Азия ойындарының жеңімпазы:
- Қаншама жылғы еңбек бүгін Аллаға шүкір ақталды деп ойлаймын. Ақтық сайысқа келетін болсам мен кувейт спортшысымен бірнеше рет кездескенмін. Ислам ойындарында финалда. Қазір енді бірінші орын алдым. Қазақ елі құтты болсын!