Хабар телеарнасы

Ұлттық спортқа баулитын жаңа мамандықтар пайда болады

Елімізде ұлттық спортқа баулитын жаңа мамандықтар пайда болады. Олар шабандоз жаттықтырушыларды және жылқылардың күтіміне жауапты маман даярлайды. Мұны Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының өкілдері мәлімдеді. Олар брифинг өткізіп, саладағы мәселелерді ортаға салды.

Қазақстанда қазір ұлттық спорт мамандарын даярлайтын оқу орны тұрмақ, бірде-бір мамандық жоқ. Ал спорт мектептерінде дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері жұмыс істеп жүр. Одан қалды инфрақұрылым да нашар. Сала мамандарының сөзінше, біздің елдегі 40 шақты атшабардың ешқайсысы халықаралық талаптарға сай келмейді. Алайда шағын ғана Францияда заманауи 250 ипподром бар екен. Жабық манеждердің қажеттігі де біраздан бері айтылып жүр. Себебі қауымдастыққа қарасты 9 ойынның алтауы атпен тікелей байланысты.

Тастанбек Есентаев, Ұлттық спорт қауымдастығының вице-президенті:
- Инфраструктураның жоқтығынан біздің көкпарымыз әлемдік деңгейге әлі мүмкіндігі жоқ. Біз тек қана осы өзіміздің өңірде, ауылда, мынау Қырғызстан мен Өзбекстан арасында ғана ойнап келеміз. Ал мұны негізі біз әлемдік деңгейде ойнатуымыз керек. Әлемдік деңгейде ойнату үшін оны жабық кешен салып, оның ішінде футбол көруге келген көрермендер сияқты көкпар көретін көрермендерге жағдай жасауымыз керек.

Бұдан бөлек, ұлттық спортқа ел қазынасынан арнайы қаржы бөлінбейді. Бәйге мен көкпардың басы-қасында жүргендер жарыс өткізу үшін демеуші іздеуге мәжбүр. Міне, осының бәрінен көңілі қалған кей шабандоздар амалсыздан сырт елге кетеді. Солардың бірі – соңғы жылдары әлемге танылған жерлесіміз Бауыржан Мырзабаев.

Исламбек Салжанов, Ұлттық спорт қауымдастығының президенті: 
- Өз күшімен Чехияға барып, ат қорада аттармен бірге өмір сүреді. Жағдай жоқ пәтер жалдайтын. Сол жақта тұрады.  Сосын жәйлап-жайлап, «әке-көке» деп шағын бәйгелерге қатысады. Соның бәрін жеңіп шығады. Сосын көзге түскеннен кейін Чехияның 3 дүркін чемпионы болады. Германия жақын ғой, олар байқап қалады да Германияға шақырады. Германияда 111 бәйгені ұтып, абсолютты рекорд орнатады. Қазақтың баласы.

Елімізде ұлттық спортты дамыту үшін қайтпек керек? Қауымдастық ол үшін маман даярлау, инфрақұрылымды жақсарту және ұлттық спорт индустриясын ілгерілетуді қолға алмақ. Алғашқы екеуін айттық. Ал соңғы бағыт бойынша жұмыс көп. Ол саланы жарнамалаудан бастап, асылтұқымды жылқылар мен тазылардың тұқымын сақтауға дейінгі шаруалар. Нәтиже де жоқ емес. Енді бізде спорттық жылқыларды өсірушілерге субсидия бөлінуі мүмкін. Заң жобасы жақында Мәжілістің қарауына ұсынылады. Жиында депутаттар ұлттық спортқа көңіл бөлуге қашан да дайын екендіктерін жеткізді.

Бибігүл Жексенбай, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- «Бір ұлт, бір мүдде» деген диалог алаңы бар. Сол алаңда талқылау арқылы бәлкім мемлекеттік деңгейде бюджеттен де қаражат бөлінетіндей, әкімдіктердің әлеуетін пайдалану мақсатында да көп жұмыстар атқаруға болатын сияқты.

Айта кетейін, бізде қазір спорттық мақсаттағы асылтұқымды 300 басқа жетер-жетпес қана жылқы бар. Әрі олардың барлығы – Қостанай жылқысы. Ал бұл жылдамдығы жөнінен ағылшын аттарынан кейін екінші орында тұрған 100 шақырымды 4 сағатта шауып, әлемдік рекорд орнатқан сәйгүліктер. Енді олардың тұқымын сақтап, көбейту маңызды. Тағы бір жағымды жаңалық – тура бір жылдан кейін Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны өтеді. Оған 100 тарта елден 3 мыңдай спортшы қатысады деп жоспарланған. Ал сайысты тамашалауға шет елдерден 15 мыңға жуық турист келеді деген болжам бар.

Дамир Берікұлы, тілші:
- Ұлттық спортты мейлінше дамытып, оның танымалдығын арттыру үшін Ұлттық спорт қауымдастығы алдағы жылы журналистер арасында «Аламан» медиа байқауын жарияламақ. Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері оған 7 номинация бойынша қатыса алады. Сайыстың жүлде қоры да қомақты. Әр аталымнан үздік шыққандар 1 млн теңге қаржылай сыйлыққа ие болады.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Айбын Құсанбеков