Хабар телеарнасы

Қытайда Бүкіләлемдік Универсиада басталады

Биыл студенттер арасындағы байрақты бәсеке Қытай елінде өтеді. Дүбірлі додаға әлемнің түкпір-түкпірінен 10 мыңға жуық спортшы қатысады. Олардың қатарына қазақ қыз-жігіттер де қосылды. Дүбірлі додада ел намысын 90 спортшы қорғайды. Олар Ақтауда өткен республикалық универсиадада іріктелінді.

Жерлестеріміз 11 спорт түрінде медальға қол созып көреді. Әсіресе, садақпен ату, спорттық гимнастика, жеңіл атлетика, семсерлесу, дзюдо, жүзу және теннис пен таэквондодан жеңіс тұғырына көтерілуі керек. Бүкіләлемдік ойындардың ашылу салтанаты Чэнду қаласындағы орталық стадионда өтеді. Салтанатты шарада көк байрағымызды дзюдошы Қаблан Нұрсұлтан ұстап шығады.

Анастасия Рыпакова, Ұлттық құрама мүшесі: 
- Универсиада деген аты болмаса, заты әлем чемпионатынан кем емес. Өйткені басқа елдерден келіп жатқан спортшыларды жақсы білемін. Деңгейлері жоғары. Мен де солардан қалыспай, жақсы нәтиже көрсетуге тырысамын. Негізгі дайындық Алматы қаласында өтті. Бірнеше жаттығу жиынына қатыстық. Бабымыз келісіп тұр. Көңіл-күйіміз де керемет.