Хабар телеарнасы

Футболдан Қазақстан Ұлттық құрамасы елге оралды

Футболдан Қазақстан Ұлттық құрамасы елге оралды

Оларды Астана әуежайында жанкүйерлер, туыстары мен жақындары сән-салтанатпен күтіп алды. Кеше түнде ұлттық құрама ойыншылары Солтүстік Ирландия астанасы Белфаст қаласында тарихи жеңіске қол жеткізді. Еуропа біріншілігін іріктеу кезеңі аясында футболшыларымыз алаң қожайындарын 0:1 есебімен ұтты. 

Жеңіс голын кездесудің 89-минутында Абат Айымбетов соқты. Алаңның ортасында доп алған шабуылшы екі қорғаушыны алдап өтіп, қақпашыдан да айласын асыра білді. Виндзор Паркте өткен кездесуде ине шаншыр орын болмады. 18 мыңнан астам көрермен жергілікті ойыншыларды жеңіске жетелеуге тырысқан. Алайда Магомед Адиевтің шәкірттері табандылық танытып, қажетті нәтижеге қол жеткізді. 

Магомед Адиев, Ұлттық құраманың бас бапкері:
-Жеткен жетістікке тоқмейілсуге болмайды. Әр ойыншы өз клубында жақсы өнер көрсетіп, шеберлігін шыңдай түсу керек. Ал Ұлттық құрамада Қазақстан атынан өнер көрсетеміз. Артымызда қалың ел тұр. Мыңдаған жанкүйер тұр. Алдағы уақытта да олардың үмітін ақтауымыз қажет. 

Қазақстан құрамасы осымен үшінші матч қатарынан жеңіске жетті. АШ тобында Дания мен Словенияны артқа тастап 2-орынға көтерілді. Қоржында әзірге 9 ұпай бар. Келесі ойынды отандастарымыз 7 қыркүйекте Астана-Аренада Финлияндияға қарсы өткізеді.