+7 (7172) 757 540
astananews@khabar.kz

16 желтоқсанда «Хабар» арнасы «Өнер барысы» мега жобасын ұсынады

  • Категория: Спорт
16 желтоқсанда «Хабар» арнасы «Өнер барысы» мега жобасын ұсынады

Елімізге танымал өнер адамдары мен ғаламтор жұлдыздары қазақша күрес ережесі бойынша боз кілемде бақ сынайды.

Көрерменнің көңілінен шыққан «Өнер барысы» додасын «Хабар» Агенттігі биыл да экраннан ұсынып, 16 желтоқсан күні түскі сағат 13:00-де көрсетеді. Жарыс осымен төртінші рет өткізілмек. Алматыда жарыстың ұйымдастырушылары баспасөз-мәслихатын өткізді. Белдесуге қатысатын балуандар журналистердің сұрақтарына жауап берді.

«Өнер барысы» алғаш рет 2019 жылы  елордада өткен. «Хабар» Агенттігінің тікелей эфирінен берілген «Өнер барысы» көпшіліктің зор сүйіспеншілігіне бөленген мега жобаға айналды. Осы жылы жарыс 4 салмақ: жеңіл, орта, ауыр және ең ауыр салмақ бойынша өтеді.

Мейіржан Әлібек, «Өнер барысын» ұйымдастырушы:

- Осы жолы 60% ­– бұрын қатыспаған, жаңадан келген  жігіттер. Енді біз әр саланы қамтуға тырыстық. Осы жобаға танымал видеографтарды алып, сазгерлер, одан кейін танымал айтыскерлерді тарттық.

Жоба ҚР «Қазақ күресі» федерациясының күнтізбесіне енгізілген. Жарысқа  федерацияның кәсіби төрешілері қазылық етеді. Жобаның мақсаты – қазақ күресін насихаттау, жастарды саламатты өмір салтын ұстануға шақыру. Биыл боз кілемге Асылхан Төлепов, Еркебұлан Дайыров сынды актерлермен қоса, Есентай Ниязбаев, Мансар Орынхан сынды әлеуметтік желіде танымал жігіттер қатысады. Айтыскер Мұхтар Ниязов пен композитор Құрал Молжановта ешкімге есе жібермейміз деп отыр.

Рүстем Жаныаманов, актер:

- Ұсыныс түскен кезде бірден қуана қабылдадым. Өйткені дода деген ер адам үшін әрқашан да қызық қой. Күрес болғаннан кейін, ұл тәрбиелеп отырғаннан кейін ұл деген ертең әкесіне қарап өседі ғой. Сол сияқты бір көзге көрінетін бірнәрсе істегім келді.   

28 балуан қатысатын жарыстың жүлде қоры – 16 млн теңге. Өз салмағында чемпион атанған адам 1 млн 200 мың теңгені қанжығалайды. Ал белдесуге қатысып, бірақ ешқандай орыннан көріне алмаған жігіттердің барлығына  300 мың теңгеден беріледі. Биыл жоба Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай 16 желтоқсанда Тараз қаласындағы «Тараз арена» спорт кешенінде сағат 13.00-де басталады. Жарысты  «Хабар» телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді.

Авторлары: Алмас Садуақас, Кенже Амраев

Сондай-ақ...