Хабар телеарнасы

Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІІ сессиясы өтті

Бірлік, Жасампаздық, Өрлеу. Бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІІ сессиясы өтті. Айта кету керек, ұйымға мүше 748 адамның 725-сі онлайн форматта қатысты. Мемлекет басшысы су тасқыны салдарынан қалыптасқан күрделі ахуал кезінде шағын құрамда өткізуді құп көрді. Жиында су басқан өңірлерге Ассамблеяның көрсетіп жатқан өлшеусіз еңбегіне, аталған құрылымның ел бірлігі, қоғамдық келісім, бірлік пен ынтымақтастық сияқты басты құндылықтарды қалыптастырудағы рөлі атап өтілді. Қазақстан халқы Ассамблеясының белсенділері зардап шеккен өңірлерге қандай көмек көрсетіп жатыр?

Еліміздегі этномәдени орталықтар ауыр сынақ келгенде ортақ істен шет қалмай, 800 млн теңгеге жуық жылу жинаған екен. Мемлекет басшысы ХХХІІІ сессияда әуелгі сөзін осы алапат тасқыннан бастап, оны еңсеруге, қираған инфрақұрылым мен бүлінген үй-жайларды қалпына келтіру, зардап шеккен азаматтарды қалыпты өмірге қайтару үшін ешкім аянып қалмайтынын айтты. Сындарлы сәттерде қиындыққа кез болған елдің мойымас мінезі мен қайсарлығын, халықтың ауызбіршілігін ерекше атап өтті. Ассамблеядағы ағайынның тасқын басталғалы ел ішінен табылып, топан суға қарсы күрестің алғы шебінде болғаны үшін алғысын білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Тасқын басталғаннан бері Қазақстан халқы Ассамблеясы белсенді әрі үйлесімді жұмыс істеп жатыр. Олар қайырымдылық және гуманитарлық көмек жинауға жұмылды. Сондай-ақ жұртты қатерден хабардар етуге және қауіпсіз жерге көшіруге атсалысты. Мен Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарына арнайы бардым. Кездесу кезінде жұртшылық Ассамблея мүшелеріне зор ризашылық білдірді. Ассамблея – кейбір адамдар айтып жүргендей, жасанды ұйым емес. Ассамблея – ел бірлігін іс жүзінде орнықтыра түсетін тиімді құрылым.

Тасқын басталғалы бері Қазақстан халқы Ассамблеясы «Жүректен жүрекке» акциясын қолға алып, нәтижесінде 1500 тоннадан аса азық-түлік, төсек орын мен ең қажетті тауарлар жиналды. Оның жалпы сомасы 770 млн теңгені құрады. Сондай-ақ этномәдени бірлестіктерден 12 мың ерікті жиналып, су басқан өңірлерде жұмыс істеп жатыр.

Айта кету керек, Ассамблея қазіргі күрделі ахуал кезінде ғана көмек қолын созып отырған жоқ. Жыл он екі ай қайырымдылық шараларын тоқтатпапты. Президент атап өткендей, мәселен, былтыр олар 1 млрд 700 млн теңге жәрдем жинап, мыңдаған мұқтаж жанға жәрдем берген.

Жасалған жақсылықтарды тізбелеп тоқмейілситін емес, бүгінгі жиын жаңа міндеттерді айқындаумен айшықталды. Қасым-Жомарт Тоқаев, ең алдымен, Ассамблея жұмысын еліміздің жаңа гуманитарлық идеологиялық доктринасымен үйлестіру қажет деп атап өтті. Қоғамда ұлтына қарай ерекшеленуге, оқшаулануға ұмтылған кез келген әрекетке, әсіресе азаматтарды тіліне, ұлтына, дініне немесе мәдениетіне бола арандатуға, я болмаса кемсітуге мүлде жол бермейтін орта қалыптастыру маңызды екенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Бұл – ең алдымен Тәуелсіздік және Отаншылдық. Одан кейін – Бірлік және Ынтымақ. Келесі – Әділдік пен Жауапкершілік. Сондай-ақ – Заң және Тәртіп. Бұдан соң – Еңбекқорлық пен Кәсібилік және Жасампаздық пен Жаңашылдық. Бұл – біздің саясат пен экономикадан бастап, білім мен мәдениетке дейінгі барлық саладағы бағыт-бағдарымыз. Мұның бәрі халқымыздың азаматтық бірегейлігін нығайтады. Сондай-ақ еліміздің болашақ келбетін қалыптастырады. Ассамблея жұмысына арқау болып отырған қағидалар осы құндылықтармен толық үндеседі.

Президент Ұлттық құрылтайда айтылған қазіргі күні қоғамда қалыптасқан келеңсіздіктерге қарсы тұру, азаматтарды әлеуметтік ортаға кіріктіру,  Отанға деген сүйіспеншілік идеалдарын насихаттау, елге қажетті құндылықтар мен көзқарастарды және түсініктерді қалыптастыруға тағы тоқталды.  Бұл ретте Ассамблея орталық және жергілікті мемлекеттік органдармен де тізе қосуы керегі айтылды. Себебі сарапшылар атап өткендей, Ассамблея қазіргі күні қоғамдық санаға оң ықпал ете алатын күш.

Айгүл Сәдуақасова, «Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты» директорының орынбасары:
-Біріктіруші фактор. Нақты бұл әлеуметтік институт. Бұл мемлекеттік орган деп көп жағдайда қателеседі. Бұл мемлекеттік орган емес, мұның функциялары өте басқа, қоғамдық ортада жұмыс істейді. Ассамблеяның әлеуеті адамдардың басын біріктіру, сенімділікті орнату. Әртүрлі тілде сөйлесін, әртүрлі мәдениеттің өкілі болсын, бірақ бір мақсат, бір Отан.

Мемлекет басшысы халықтар арасында бейбiтшiлiктi, достық пен ынтымақтастықты нығайтуға, мемлекеттік тілді дамытуға сiңiрген еңбегi үшiн бірқатар азаматқа мемлекеттік марапат табыстап, ҚР Президентінің алғысын жариялады және сөз соңында елімізге келген үлкен сынақ, үлкен жаңа өзгерістерге серпін беретінін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Әр қиындықтың қайыры бар дейді халқымыз. Біріншіден, тасқын кезінде ел бірлігі нығая түсті. Арқадағы ағайынға, Жайықтағы жұртқа бүкіл Қазақстан халқы көмектесуге ұмтылды. Апат аймағында тұратын адамдар барша отандасымыздың шынайы жанашырлығын сезінді. Екіншіден, елдің жағдайын жақсарту үшін ешкім қиындықтың келуін күтіп отырмайтыны анық. Дегенмен мұндай апаттар біраз шаруаны шұғыл қолға алуға себепкер болады.Тасқын аяқталған соң кейбір ауылдар тың жерге қоныстанып, жаңадан бой көтереді. Жол салынады, су тартылады. Ауылдарымыз мүлде жаңа келбетке ие болады. Жалпы әлемдегі үлкен дағдарыстардың қарқынды дамуға жол ашатыны белгілі. Сын сағатта жұдырықтай жұмылған жұртымыз осы қалпында өрлеу, жаңғыру кезеңіне қадам басады.