Хабар телеарнасы

Үш кеден бекеті қайта ашылады

Қазақстанның  Өзбекстанмен шекарасындағы «Қапланбек» кеден бекеті биыл тамыз айында қайта ашылады. Ондағы жөндеу жұмыстары 2 жыл бұрын басталған еді. Құрылыс Өзбекстан жағында да жүріп жатыр. Нәтижесінде арадағы жүк тасымалы 3 есе артуға тиіс. Одан бөлек, «Атамекен» және «Қазығұрт» өткізу бекеттеріндегі жөндеу жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады. Қазақстан мен Өзбекстанның жұмыс тобы әдетте құрылыс барысын үш айда бір рет бақылайды. Бұл жолы қос елдің өкілдері «Қапланбек» - «Науаи» өткізу бекетіне арнайы барды. Мердігер құрылысты тамыз айына дейін аяқтауға міндетті. Ал Өзбекстан тарабы өз аумағындағы өткізу пунктін маусымда толық пайдалануға бермек. Одан бөлек көршіміз «Жібек-Жолы» бекетімен ұштасып жатқан «Гишт-куприк» бекетінде де жөндеуді бастаған.

Бақытжан Слямов, ҚР ҚМ мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары:

- Былтыр «Жібек-Жолы» пунктінен шамамен 9 млн жолаушы өткен. Бұл – жеке тұлғалардың басым көпшілігі жүретін бекет саналады. Жоспарға сәйкес, оған 2025 жылы жөндеу жасалады. Біздің жобалауымызша, реконструкциялау жұмыстарынан кейін оның өткізу қабілеті тәулігіне 35 мың жолаушыға дейін ұлғаяды. Жаз кездерінде, атап айтқанда шілде-тамыз айлары аралығында бұл пункті тәулігіне 50 мыңға жуық азаматты қабылдап жүр.