Хабар телеарнасы

Сенат төрағасы Макинсктағы құс фабрикасының жұмысымен танысты

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев жұмыс сапарымен Ақмола облысында болып, Макинск қаласындағы май зауыты мен құс фабрикасының жұмысымен танысты. Еліміздегі ірі инвестициялық жоба саналатын кәсіпорын қазір жылына 90 мың тоннаға дейін құс етін өндіреді. Сенат төрағасы өндірісті одан әрі дамытып, нысанның материалдық-техникалық базасын жақсартуға көңіл бөлу керегін айтты. Бұдан кейін Мәулен Әшімбаев жергілікті мәслихат депутаттары және тұрғындармен кездесіп, облыстың дамуы мен әлеуметтік-экономикалық реформаларын іске асыру жұмыстарын талқылады. Сондай-ақ Агроөнеркәсіп кешенін дамыту және су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесі де айырықша атап өтілді. 

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
-Мемлекет басшысы жаңа Үкіметтің алғашқы кеңейтілген отырысында әлеуметтік-экономикалық салада атқарылуға тиіс басты міндеттерді белгілеп берді. Агроөнеркәсіп кешенін дамыту және су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесі де айрықша атап өтілді. Осыған байланысты алдағы уақытта ауыл шаруашылығын қаржыландыру дәйекті түрде атқарылады. Жерді барынша тиімді пайдаланып, заманауи агротехнологияларды енгізетін шаруаларға жан-жақты қолдау көрсетіледі.