Хабар телеарнасы

Олжас Бектенов: Қосымша құн салығы көтерілмейді

Қазақстанда қосымша құн салығы көтерілмейтін болды. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов мәлімдеді. Бұған дейін министрлік оны қазіргі 12-ден 16% дейін өсірмек болған. Алайда бұл бизнес пен қоғамның наразылығын тудырды.

Өткен аптада ғана Үкіметтің тізгінін қолға алған Олжас Бектенов кеше жұмыстың негізгі бағыттарын атаса, бүгін жылдың алғашқы айын қорытындылады. Ал бұл жиынның басты жаңалығы – қосымша құн салығының өспейтіні.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
-Маңызды мәселе: Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қосылған құн салығының ставкасы, яғни НДС ставкасы көтерілмейді. Бюджет кірістерінің басқа көздерін іздеп табуымыз керек.

Осылайша 1,5 жыл бойы талқыланған бұл мәселеге Президенттің пәрменімен бүгін нүкте қойылды. Енді бюджетті толтырудың басқа жолдарын қарастыру қажет. Экономиканы да мықтап қолға алу керек. Ал қазіргі жағдай көңіл көншітпейді. Ұлттық экономика министрінің мәліметінше, желтоқсанда 5% асқан Қазақстан экономикасының өсу қарқыны қаңтарда 3,9% төмендеген.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
-Алғашқы ай осындай төмен көрсеткіштерден басталып отыр. Оны мойындауымыз керек. Ал біздің алдымызда экономиканы кем дегенде 6% өсімін қамтамасыз ету міндеті тұр. Ол үшін қосымша қандай шаралар қабылданады?

Нұрлан Байбазаров, ҚР Премьер-министрінің орынбасары, Ұлттық экономика министрі:
-Мемлекеттік шығыстарды толық игеруіміз керек. Оның ішінде баса назар аударатыны - бюджеттік инвестицияларды игеру, мемлекеттік сатып алуларды толық қамтамасыз ету.

Министр құрылыс, өңдеу өнеркәсібі мен көлік салалары экономиканың көшбасшысы болатынын айтады. Яғни негізгі түсім де осылардан болады. Одан соң шағын және орта бизнесті одан әрі дамыту жалғаса бермек. Ол үшін екінші деңгейлі банктердің 1 трлн теңге қаржысы тартылады. Сондай-ақ «Самұрық-Қазына» Ұлттық компаниясы мен «Бәйтерек» холдингінің резерві пайдаланылмақ.

Нұрлан Байбазаров, ҚР Премьер-министрінің орынбасары, Ұлттық экономика министрі:
-Жақында «Бәйтеректен» келгеннен кейін оның қандай бос резервтері бар екенін білемін. Ол резервтерді біз сол «Бәйтеректе» жүрген кезде Үкіметке келіп, осы экономиканы қаржыландыруға жұмсаймыз деп келіскен болатынбыз. Бұл қаржының көлемі - 350 млрд теңгедей. Бұның барлығы экономиканы қаржыландыруға жұмсалатын болады.

Экономиканы қуаттай түсетін тағы бір түсім – шет елдерден келетін инвестициялар. Нұрлан Байбазаров: «Оның көлемін жыл сайын 25 млрд доллардан түсірмеуге тырысамыз»,— дейді. Оның рекордтық көрсеткіші 2022 жылы тіркелді. Ол кезде елімізге сырттан 28 млрд доллар инвестиция келген болатын.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
-Ұлттық Экономика және Қаржы министрліктері республикалық бюджеттің шығыстарын да, кірістерін де сапалы жоспарлауды қамтамасыз етулері қажет. Нәтижесіз шығыстарды жою және мемлекеттік бюджет шығыстарының тиімділігін арттыру маңызды. Экономиканың жоғары қарқынын қамтамасыз ету үшін бар күшімізді салуымыз керек. Әрбір министр мен өңір әкімі алға қойған мақсаттарға қол жеткізу үшін тікелей жауапты болады.

Ал осы алға қойған мақсаттарға қол жеткізу қаншалықты мүмкін? Жылына экономикамыз 6% өсіп отырса, оның көлемі 450 млрд долларға жетуі тиіс. Бұл Президенттің тікелей тапсырмасы.

Ләззат Жанмолдаева, сарапшы:
-Ол үшін бізде көптеген кәсіпорын жұмыс жасап, еліміздің ішінде өнімдер өндірілуі керек. Адамдардың барлығы жұмыспен қамтамасыз етіліп отыру керек. Ал бүгін ашылып, ертең жоқ немесе аяқ астынан жабылып қалып жатқан мекемелер арқылы біз мұндай жетістікке жете алмаймыз. Ұлттық статистика бюросы беріп отырған ақпараттың өзі анық емес және ол қаншалықты шындыққа жанасады? Оны да анықтау керек.

Үкіметтің тағы бір негізгі міндеттерінің бірі – бағаның шарықтауына жол бермеу. Биыл ол үшін инфляцияны 6-8% аралығында ұстап тұру қажет. Айта кету керек, өткен жылдың соңында Қазақстанда инфляция 9,8% болды. Ал бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 20% асып кеткен еді.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Азамат Сәметов