Хабар телеарнасы

Мемлекет басшысының Қатарға екі күндік ресми сапары басталады

Бұл қазақ лидерінің Таяу Шығыстағы елге екінші рет ат басын бұруы. Мамандар пікірінше, Қазақстан мен Қатар екіжақты байланыстарды тереңдетуге мүдделі. Мәселен, 2022 жылы қос елдің басшылары екі рет кездесті, маусым айында Қасым-Жомарт Тоқаевқа Дохадан дәм бұйырса, күзде әмір Тамим бин Хамад әл-Тани Астанада болды. Осы Қатар Қазақстан үшін несімен маңызды? Таяу Шығыстың ең бай мемлекетімен алыс-берісті қай бағытта арттыруға болады? Отандық сарапшылар ой бөлісті.

Әуелі Қатар туралы аз-кем мәлімет. Парсы шығанағындағы шынашақтай ғана мемлекет әлемдегі ең бай елдер санатынан. Ішкі жалпы өнімі жан басына шаққанда 100 мың доллардан асады. Табиғи газ қоры жөнінен әлемдегі үшінші, экспорттаудан 6-шы ел. Мұнайдың мол қоры және бар. Бүгінде Қатар мемлекетінің геосаяси амбициялары артып, Таяу Шығыстағы жетекші саяси-экономикалық, көліктік және туристік хабқа айналып келеді.

Ассоль Мирманова, саясаттанушы:
-Бұл тұрғыдан алғанда біздің мүдделеріміз ұқсас. Олар Таяу Шығыс орталығына айналуды көздесе, біз Орталық Азия аймағындағы құрлықтық хабқа айналуды мақсат тұтамыз. Сәйкесінше инвестициялық әлеует үлкен. Біздің Президенттің ықпалдастықты нығайтуға деген ұмтылысын осыдан-ақ бағамдауға болады.

Екі елдің саяси-экономикалық қарым-қатынасының шежіресі 1993 жылы дипломатиялық байланыс орнатудан басталды. 2007 жылы Дохада Қазақстанның, 2008 жылы Астанада олардың елшіліктері ашылды. Саудадағы алыс-беріс әзірге ауыз толтырып айтарлықтай емес. Екі ел арасындағы дипломатиялық байланыс 1993 жылы орнады. Сауда-саттыққа келсек, ол былтыр 10 млн долларға жуықтады. Оның 5 млн 620 мың доллары Қазақстанның экспорты болса, 4 млн 312 мың доллары - Қатардан келген импорт.

Руслан Дүйсен, саясаттанушы, экс-дипломат:
-Келешекте бұл көрсеткішті біз 10-100 есеге өсіруге мүмкіндіктеріміз бар. Білім саласы болсын, IT саласы болсын, туризм саласы, ауылшаруашылығы саласы болсын.

Еске сала кетсек, былтыр жазда Астанаға Қатардың оннан аса ірі компаниясы келіп, Астана экономикалық форумының аясында келіссөздер жүргізді. 500 млн доллардың 5 келісімі жасалды. Ақмола облысындағы ірі сүт өңдеу зауытының жобасына Қатар капиталы тартылады. Мұның сыртында мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға қос тарап та мүдделі.

Соның айқын айғағының бірі ретінде Астанадағы 85-ші мектеп-лицейді айтуға болады. Ол 2018 жылы Қатар мемлекетінің Даму қоры қаражатына салынған. Оған қазіргі әмірдің есімі берілді.

Нағила Төлегенова, Шейх Тамим бен Хамада әл-Тани атындағы №85 мектеп-лицей директорының орынбасары:
-Тікелей бұл кісі қаржыландырғандықтан, сол кісінің атын алуға біз ұсыныс жасадық. Білім басқармасы және Астана қаласының әкімдігі мақұлдады.

Аталған білім ордасы – халықаралық бакалавриат мәртебесін алған алғашқы мемлекеттік мектеп. Білім мекемесі пандемия уақытында Қатармен үзіліп қалған байланысты қайта жаңғыртуға мүдделі. Себебі аталған елдің білім беру жүйесі озық саналады.

Нағила Төлегенова, Шейх Тамим бен Хамада әл-Тани атындағы №85 мектеп-лицей директорының орынбасары:
-Қатар мемлекетінің елшілігіне екі мемлекеттің мектеп оқушыларымен онлайн сабақ жүргізіп, тәжірибе алмассақ деген, жобаларын алып қолдансақ және 11-сыныптың түлектері сол жақтың ЖОО-да өз білімдерін жалғастырса деген ұсыныс болды.

Ассоль Мирманова, саясаттанушы:
-Қатар білім қуғандардың арманын орындады десе де болады. Академиялық қалашық салынып, оның аумағында әлемнің ең үздік Жоғарғы оқу орындары орналасты. Студенттер мен оқытушы профессорлық құрамға қолайлы жағдай жасалды. Ғылыми жобаларға жол ашық.

Сарапшылардың пайымынша, кез келген жобаны іске асыру барысында Қатар жемқорлыққа жол бермейді. Ал оның алғышарты адал азаматты қалыптастыру.

Руслан Дүйсен, саясаттанушы, экс-дипломат:
-Адам капиталын бұлар бірінші кезекте қойып, жоғары білімді, технологияға жақын және өзінің ұлттық мүддесін ойлайтын азаматтарын тәрбиелеп алды. Енді оның қазір жемісін көріп отыр деп ойлаймын.

Қатарда климаттың қолайсыздығынан ауылшаруашылығы айтарлықтай дамымаған. Төл өнімдерін өсіруге қарекет жасайды, бірақ азық-түлік, ет-сүтті шетелден импорттайды. Қазақстанның агробизнес өкілдеріне өз өнімдерін сатуға таптырмас мүмкіндік осы. Әрине, оны ұйымдастыруда стандарттар мен сертификаттар сияқты әртүрлі кедергі шығады, бірақ дипломатия осы үшін керек емес пе еді?

Авторы: Берік Дүйсенбай