Хабар телеарнасы

Үкімет салық жеңілдіктерін берудің нақты ережелерін әзірлеуі тиіс

Үкімет салық жеңілдіктерін берудің ашық әрі нақты ережелерін әзірлеуі тиіс. Себебі Қаржы министрлігінің мәліметі бойынша жеңілдік берудің салдарынан жыл сайын бюджетке орташа есеппен 7 триллионға жуық теңге кем түседі. Президент салық жеңілдіктерін 20% азайту туралы тапсырманың орындалмағанын айтып, сала басшыларын сынға алды. Микро және шағын кәсіпкерлік үшін еңбекақы төлеу қорынан бір реттік төлем жасауды енгізу ісі де аяқсыз қалған. Бұл норманың енгізілгеніне бір жылдан асты. Ал бизнес өкілдері бұрынғысынша салық пен жарнаны бюджеттік емес қорларға жеке-жеке төлеуді жалғастырып жатыр.

ЦИТАТА
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Орта бизнеске нақты қолдау көрсету мәселесіне айрықша мән беру керек. Мысалы, көп жағдайда бизнесті қолдан ұсақтап жатады. Кәсіпкерлерді тиісті санатқа бөлу әдістемесі дұрыс жолға қойылмаған. Мемлекеттік сатып алу және мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну кезінде орта бизнеске басымдық берілуі керек. Осы мәселелерді міндетті түрде шешу қажет. Бизнеске әкімшілік қысым көрсетуді азайту керек, соның ішінде реттеу қағидатын қолдану арқылы ықпал етуді доғарған жөн.