Хабар телеарнасы

ҚР СІМ ресми сапармен Қырғыз Республикасына барды

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеуді Бішкекке ресми сапары барысында Қырғызстанның Президенті Садыр Жапаров қабылдады. Қырғыз басшысы екіжақты ынтымақтастықтың жоғары деңгейін, стратегиялық әріптестікті тереңдетуді сөз етті. Тараптардың екіжақты форматта да, халықаралық өңірлік ұйымдар шеңберінде де тиімді өзара іс-қимылын атап өтті.

Ал Министр Қырғызстан Президентіне Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ізгі тілектері мен жылы лебіздерін жеткізді. Қазақстан мен Қырғызстанның байланысын бекемдей түсу екі жақ үшін де маңызды. Мұрат Нұртілеу Бішкекте Қырғызстаннның сыртқы істер министрімен де кездесіп, екі елдің сыртқы саясатын пысықтады.

Қазір екі ел арасындағы тауар айналымы 1,3 млрд доллар. Алдағы уақытта оны 2 млрд дейін арттыру көзделген. Жақын арада қазақстандық инвесторлар бірлескен жобаларды іске асыру үшін көрші республиканың экономикасына 70 млн доллар инвестиция құюға дайын.

Мұрат Нұртілеу, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Сыртқы істер министрі:
- Бізде барлық тауарлар мен қызметтердің жалпы шекара арқылы өтуін тездетуге көмектесетін көзқарастар мен ұсыныстар бар. Бұл біз үшін өте маңызды, Қазақстан Үкіметі мемлекеттер арасындағы тауар айналымының өсуі үшін барлық күш-жігерін салуда.

Жээнбек Кулубаев, Қырғызстан сыртқы істер министрі: 
- Мен Қазақстанның Қырғызстан үшін маңызды әрі сенімді әріптес және одақтас екенін тағы да атап өткім келеді. Біз достық және өзара тиімді қарым-қатынастардың жан-жақты дамуына баса мән береміз. Биыл біз барлық жоспарланған іс-шараларды жоғары деңгейде өткізетінімізге сенімдімін.