Хабар телеарнасы

Қасым-Жомарт Тоқаев Ватиканда Рим Папасы Францискпен кездесті

Мемлекет басшысы Рим Папасының шақыруымен Қасиетті Таққа алғашқы ресми сапарын жасады.

Қазақстан Президенті сөзінің басында әлемдегі адамзаттың игілігі жолындағы қажымас қайраты мен қажырлы күш-жігері үшін Католик шіркеуінің Жоғарғы Понтификіне ризашылығын білдірді.

– Сіздің дүниежүзі халқына бейбітшілік тілеген дұғаларыңыз мыңдаған католиктің ғана емес, басқа діндерді ұстанатын көптеген отандастарымыздың жүрегінен орын алып, саналарына сенім мен үміт ұялатты. Бүгінде өркениеттер тоғысында орналасқан көпұлтты және көпконфессиялы Қазақстан Орталық Азиядағы ең ірі католик қауымының өз үйіне айналды, – деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, барлық діндердің өкілдері Әділетті Қазақстанды құруға елеулі үлес қосуда.

– Біз «бірлігіміз әралуандықта» қағидатына негізделген бейбітшілік пен ұлттық диалогтың өзімізге тән моделін қалыптастыра алдық. Елімізде түрлі діннің өкілдері өздерінің ғибадатханаларында құлшылық ете алады. Діни сенім бостандығы құқығын қорғау – менің саяси бағдарымның ажырамас бөлігі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті Рим Папасы Францисктің «Қалаға және әлемге» атты дәстүрлі Жолдауын еске сала отырып, оның «Бейбітшілік – ең алдымен Құдайдың сыйы. Бірақ бұл – бәрімізге жүктелген үлкен жауапкершілік» деген сөздерін толық қолдайтынын жеткізді.

– Сіздің ұстанымыңызды толығымен құптай отырып, біз көптеген айырмашылықтарымызға қарамастан, бейбітшілік идеяларын, мәдениеттер мен діндер арасындағы тұрақты диалогты, әртүрлі дінді ұстанатын адамдардың игілігі жолындағы дамуды ілгерілету үшін баршамызға бірлік керек екеніне сенімдімін. Ізгі ниет білдіруге уақыт жеткілікті, келіссөздер жүргізуге кеңістік те бар, даналық танытуға әлі де мүмкіндік мол, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев екіжақты қатынастар аясында Қазақстан шынайы достыққа, келісім мен өзара құрметке негізделген Қасиетті Тақпен арадағы бұрыннан келе жатқан серіктестік байланыстарды жоғары бағалайтынын атап өтті. Сондай-ақ белсенді саяси диалог жүргізіліп отырғанын, құқықтық базаны ретке келтіру, кеңейту үшін дәйекті жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді.

Қазақстан Президенті әлемдегі текетірестер мен алауыздық ошақтарын тоқтатуға бағытталған белсенді күш-жігері үшін Рим Папасы Францискке ризашылығын білдірді.

– Шын мәнінде, қазіргі геосаяси тұрақсыздық бүкіл жаһандық қауіпсіздік архитектурасына нұқсан келтіруде, сондай-ақ халықтарды үлкен қайғы-қасіретке ұшыратып, экономикалық қиындықтар тудырып отыр. Қазақстан ізгілікті жақтайтын мемлекет ретінде жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдауға іс жүзінде елеулі үлес қосуда. Біз әлемнің түрлі қақтығыс ошақтарындағы БҰҰ-ның бітімгершілік миссияларына атсалысамыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өз кезегінде Понтифик бейбітшілік пен келісімді қамтамасыз ету ісіндегі күш-жігері үшін Қазақстан Президентіне алғыс айтты.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы мазмұнды кездесу үшін Рим Папасына алғыс айтып, Қазақстан алдағы уақытта толеранттылық, үйлесімділік, бауырластық идеяларын дәріптеу ісінде Қасиетті Тақпен ынтымақтастық жасауға ниетті екенін растады.

 

 

 

 

 

 

 

​​​​​​​