Хабар телеарнасы

Қасым-Жомарт Тоқаев ресми сапармен Италия мен Ватиканға барады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы екі күн ресми сапармен Италия мен Ватиканға барады. 2 күнде Президент елдер басшыларымен және бірқатар алпауыт компания өкілдерімен кездесіп, келіссөздер жүргізбек. Италия Қазақстан үшін ЕуроОдақтағы маңызды серіктес екенін айта кетейік. Сауда-саттық бойынша Ресей мен Қытайдан кейін үшінші орында. Ал соңғы 18 жыл Италиядан тартылған инвестиция көлемі 7,3 млрд доллардан асты. 

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылдағы алғашқы шетелдік іс-сапары Еуропа төрінен басталмақ. Мемлекет басшысы қаңтардың 18-і мен 19-ы күндері Италия мен Ватиканға ресми сапармен барып, бірқатар маңызды келіссөз жүргізеді деп жоспарланған. Жалпы екі ел арасындағы қарым-қатынас жоғары деңгейде деп айтуға болады. Қазір Италия Қазақстанның әлем бойынша ірі 3 сауда серіктесінің бірі болып табылады және Еуропалық Одақ елдері арасында бірінші орында тұрғанын да атап өту керек. Мемлекеттер арасындағы тауар айналымы былтыр 15 млрд доллардан асқан. Оның дені — қазақстандық экспорт. Қазақстан негізінен мұнай, бидай, мыс, алюминийді сатады.

Козимо Грациани, саяси сарапшы:
-Әріптестігіміздің келешегі бірінші кезекте энергетика және ауыл шаруашылығы саласында деуге болады. Дегенмен қазір инфрақұрылымды дамыту, көлік және логистика бағытына да басымдық берілуде. Бұл жерде Орта және Таяу Шығыс дәліздері маңызға ие. Қазір сіздердің елдеріңіз Орталық Азия аймағында көшбасшы орында тұр. Сондықтан Италия Еуропалық Одақ пен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықты нығайту жолында маңызды рөл атқарады деп ойлаймын.

Бұдан бөлек Қазақстан мен Италия білім саласында да әріптестік орнатқан. Қазір екі елдің жоғары оқу орындары арасында 30-дан астам келісім бар. Ал былтыр қараша айында Алматы қаласында Италия мәдениетінің институты ашылған болатын. Сондай-ақ өткен жылы Генуи университетінің филиалын Өскемен қаласында ашу жөніндегі келісімге қол қойылған. Ол Amanzholov University базасында жұмыс істейтін болатын. Еуропалық Одақтың үшінші экономикасы саналатын Италия бізге креативті индустрияны да дамытуға көмектесуге дайын. Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылға қарай креативті индустрияның ел экономикасына қосар үлесін 5% дейін арттыруды міндеттеген.

Марко Беретта, Италия-Қазақ сауда қауымдастығының президенті:
-Креативті индустрия – бұл талантты адамдардың атқарып жатқан жұмысы. Италияда бұл саланың жылдық табысы 47 млрд долларға жетеді. Осы бағытта жұмыс істеп жатқан шағын және орта бизнес Италияны бүкіл әлемге танымал етті. Біз осы тәжірибемізбен Қазақстанмен бөлісіп отырмыз. Компанияларымыз жақсы қарым-қатынаста. Қазір Қазақстан креативті индустрияға қыруар қаражат бағыттап отыр.

Жалпы ресми сапар барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Италия Президенті Серджо Маттарелламен, Премьер-министр Джорджа Мелонимен келіссөздер жүргізеді. Сондай-ақ «Қазақстан-Италия» инвестициялық дөңгелек үстеліне қатысып, бірқатар ірі компания басшысымен кездесулер өткізеді деп жоспарланып отыр. Ал қаңтардың 19-ы күні Қасым-Жомарт Тоқаев Ватиканда Рим Папасы Францискпен кездеседі. Бұдан бөлек БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының және Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының штаб пәтерлеріне барады деп күтіледі.

Авторлары: Риат Шони, Ерлан Наурызбаев, Бақытбек Нұртаев.