Хабар телеарнасы

Депутаттар: Ақпаратқа қолжетімділік заңына түзетулер керек

Ақпаратқа қолжетімділік заңына жаңа нормалар енгізуді көздейтін заңның жобасы мәжілісмендердің шамына тиді. «Құжаттың 17-бабы, 2-тармағында депутаттардың заңдық бастамаларына Үкімет қорытынды жасайды деген сөз — күшті Президент, ықпалды Парламент, есеп беретін Үкімет қағидатына қайшы»,— дейді қалаулылар. Яғни «Үкімет Парламентке есеп берудің орнына керісінше Парламентті бағынышты етіп қоймақ»,— деп топшылайды. 

Ринат Зайытов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-8-ші шақырылымның белсенділігіне қарай, өткенде оны Премьер-министрдің өзі де айтты, Парламент тым көп алады өзіне деп. Бұл Үкіметке жұмыс істеуге бөгет жасап отыр. Ашық нормативтік құқықтық актілер порталында депутаттар жария талқылауды өткізу дейді де, жақшаның ішіне Үкімет қорытындысын ескере отырып дейді. Үкімет қорытындысын ескеретін болсақ қалғанының немене қажеті бар, ақыры қорытындыны Үкімет беретін болса?

«Ақпаратқа қолжетімділік заңына түзетулер жалпы керек»,— дейді депутаттар. Құжатта мүгедектігі бар адамдар үшін жасалатын жағдайлар да көзделген. Алайда сол ерекше жандарды қорғаймыз деп келіп, Мәжіліс депутаттарын байлап алуға жол бермейміз, норма өтпейді деп кесті бірауыздан. Заң жобасы бойынша жұмыс тобының жетекшісі Ерлан Сайыров депутаттарға шешім қабылдау барысында:

Ерлан Сайыров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Министрлер осында келіп, депутаттарға диктант жасап, оларға қандай статьяны қалай өткізу керектігі жөнінде оларға кәдімгі диктант жазып кетеді екен. Ол заман келмеске кеткен. Қазақстан Республикасында, Қазақстанның Президенті және ҚР Парламентінің депутаттары халықтың мандатына ие. Үкімет халықтың мандатына ие емес құрметті әріптестер. Осы сіздердің естеріңізде болуы керек.

Алма Мұқанова, ҚР Әділет вице-министрі:
-Депутаттарға мұндай міндеттемешілік ілу емес, осындай түзетулер депутаттар қатарынан түсіп жатса Үкімет қорытындысы аясында уәкілетті орган осындай рәсімді міндетті түрде өткізіп, жаңа ұсынылып отырған талаптар қалай әсер етеді екенін зерделеп, қорытындыда оны көрсету мақсаты болып табылған.