Хабар телеарнасы

Ескі жүйе және Қаңтар оқиғасы

Осыдан тұп-тура 2 жыл бұрын Қаңтар оқиғасы басталды. «Қаралы қаңтар», «Қасіретті қаңтар» деп тарихта қалған қанды-қырғын тәуелсіз еліміздің тарихын дейінгі және кейінгі деп бөліп тастады десек, бәлки артық айтқандық емес.

Мемлекет басшысының сұхбатынан да осыны аңғару қиын емес. Президент Қаңтар оқиғасына ұласқан саяси тартыстарға қатысты бұрын айтылмаған жайттарды атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Президент лауазымына енді келген тұста қоғамда кейбір желауыздар «қос билік» деп айдарлаған кезеңді сарапшылар қалай бағалайды? 

Билік транзиті бейбіт жолмен басталып, арты қанды бүлікке ұласа жаздағаны туралы бұған дейін тұспалдап қана айтылатын. Бұл жолы Қасым-Жомарт Тоқаев біраз жағдайды ашып айтыпты.

Иә, тандем идеясын алға тартып, өз мүддесіне пайдаланғысы келгендердің әрекеті тіпті, Әділет министрінің мәртебесі Президент лауазымынан жоғары тұруы керек деген қисынсыз риторикалар мемлекеттілік емес, жеке бастың мүддесінен анық хабар береді. Оны сарапшылар да қуаттады.

Қанды қасапқа ұласқан Қаңтар қырғыны аяқ асты болған жоқ. Бұл оқиға – уақыттың өзі дәлелдеп бергендей, қоғам дамуының катализаторы еді. Қаңтар қасіретінің алғышарты сөз жоқ, 30 жыл бойғы суперпрезиденттік басқару формасы, авторитарлық жүйе.

Билікті қалқан еткен олигархтардың толассыз тонауынан халық тозып кетті. Қоғамда протестік көңіл-күй етек жайды. Осындай кезеңде елге ауқымды реформалар қажет еді. Бірінші кезекте саяси жүйе қайта түлеуге сұранып тұрды. 

Аман Мәмбетәлиев, саясаттанушы: 
- 2019 жылдан бастап реформалар 3 блокқа бөлінеді. Соның біріншісі, саяси реформалардың мақсаты – болашақта авторитарлық режим болмауы. Сол авторитарлық режимге қарсы мына реформа курсты бастағаны кейбір элиталық күштер, саяси орталықта отырған күштердің қарсы болғаны және әрекет істегені, попытка госпереворота деген соншама тірліктің бәрі сол себептен деп ойлаймын.

Саясаттанушы һәм бүгінгі күнде Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров саботаж болды деп пайымдайды.

Естеріңізде болса Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы сайлаудан кейін Президенттік міндетіне кірісе салысымен елді дүрліктірген жаға ұстатарлық оқиғалар тізбегі басталып кетті. 

Ерлан Саиров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: 
- Сол кездегі саяси элитаның бір бөлігі, оның ішінде әртүрлі министрлер бар, әкімдер бар және күштік құрылымның өкілдері бар, осы Президент Тоқаевтың саяси реформаларынан аяғынан шалу процесін бастады. Менің ойымша, сол кездегі көптеген жарылыстар, мынау ұлтаралық қақтығыстардың көпшілігі сол кездегі реакциялық күштердің қолдан жасалған оқиғалары болып табылады. 

Мақалада саяси жүйе жайында ашық сұрақ қойылды. Автор тіпті сізге ұнамайтын сұрақ деп астын сызып айтты. Қосарланған билік жүйесі. Иран мен Сингапурдың мысалы келтірілді.

Айта кетсек, Иранда халық сайлайтын президенттен бөлек ұлттың көсемі де бар. Біздің жағдайда Тұңғыш Президенттің қолында біраз билік тетіктерінің болуы, әлбетте ондай күдікті туғызатыны анық еді. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бәзбіреулер қосарланған билік жүйесін орнатуға талпынғаны, тіпті, мұндай әрекеттерді әдейі әрі мұқият ұйымдастырғаны рас. «Билік транзиті» кезіндегі ахуалды саясаттағы айлакерлер өз мүддесіне пайдаланып, қосамжарланған билік орталығын құруға тырысты. Мұны аз десеңіз, дәл осы жағдай Қаңтар дағдарысына әкеп соқтырған алғышарттың бірі болды. Өйткені ымыраласқан қаскөйлер өздері ойлап тапқан қосарланған билік, яғни «тандем» идеясын дәріптеп, оны өз мүддесіне пайдаланғысы келді. Мемлекетте үлкен және кіші президент деген болмауы керек деп санаймын.  «Кеттің бе – қайы­рыл­ма!» Болашақта ел тізгінін ұс­тайтын азаматтар осы жағдайдан сабақ алып, мұндай нәрседен қашық болуға және тек қана мемлекеттің мүддесі мен қоғамның береке-бірлігін ойлауға тиіс.

Қаңтар оқиғасына келсек. Бұл ескі жүйенің билікті сақтап қалудағы соңғы әрекеті деп пайымдайды сарапшылар. Және оған дайындық әлдеқайда ертерек басталды. Саботаж арқылы сес көрсету, үркіту сияқты әрекеттерден нәтиже болмаған соң, протестік көңіл-күйде отырған халықты ақыр-соңы газ бағасын аспандатып жіберу арқылы арандатуға әрекет жасалды. Сұхбатта Президенттен қаңтар оқиғасы іске аспай қалған төңкеріс пе деп сұралғаны да содан. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Кім бейбіт шеру­ге автомат, тапанша және суық қару ұс­тап барады?! Ниеті дұрыс адам әске­ри қызметшілерді ұрып-соғып, өлтіре ме, оларды тірі қалқан етіп, әкім­шілік ғимаратқа шабуыл жасай ма?! Бейбіт шеруде дүкендер мен банктер қиратылып, тоналып, көліктер өртеле ме?! Билік органдарының ғимараттары мен полиция бөлімдеріне жасалған шабуылды айтпай-ақ қояйын. Осындай жаппай тәртіпсіздіктің салдарынан 3 млрд долларға жуық шығын келді. Қаңтар оқиғасының себеп-салдарын бұрмалап көрсетудің қажеті жоқ. Турасына көшсем, «бұл – халық көтерілісі» болды деген пікірлер қыл­мыс­тық әрекеттерді ақтау үшін айтылу­да. Барып тұрған бұзақыларды ба­тыр­ға балап, жұртты арандататын әрі жауапкершіліктен жұрдай сыңар­жақ пайымдар қылмыстық психологияның қоғам санасына сіңуіне әкеп соқтырады. Мұндай әңгімелер – ұлттық қауіпсіздікке және халықтың жаймашуақ өміріне қатер төндіретін жаппай тәртіпсіздікке шақырумен пара-пар. Бұл – өте қатерлі үрдіс.

Қаңтар оқиғасынан кейін қамауға алынғандар арасында жазықсыздарын анықтап, босатумен айналысатын қоғамдық комиссия төрағасы, сол кездегі заңгер Абзал Құспан 600 аса адаммен жеке сөйлескен. Ол: «Сол кезде-ақ Қаңтар оқиғасының сыртында мемлекеттік төңкеріс әрекеті барын түсінгем», - дейді. 

Абзал Құспан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: 
– Менің өзім анықтаған мән-жайларым. Араларында ұйымдастырушылар болғандығын, олардың үстерінде белгілі бір киім, олардың барлығының белгілі бір командаға бағынғандығын, осындай көптеген деталь, жаңағы айтылған ойларды толықтыра түседі. 

Саясаттанушы Аман Мәмбеталин саяси экономикалық және құқықтық реформалар Қаңтар оқиғасынан кейін жедел қолға алынғанын атап өтті. Қаңтар қырғынын ұйымдастырғандар қатаң жазасын алуы тиіс.

«Бірақ халық билік тарапынан болатын кемшіліктерге қатысты уәжін айта алмай ма сонда?» деген сұрақ туады. Қудалау үшін цензура, арнаулы заңдар мен жазалаушы органдар болады. Қазір біздің Заңнамада азаматтарды сая­си көзқарасы үшін қудалауға негіз болатын бірде-бір жарлық, бірде-бір заң, бірде-бір нормативтік құжат жоқ, - деп жауап берді.