Хабар телеарнасы

«Масс медиа туралы» заң Мәжілісте мақұлданды

Мәжіліс «Масс-медиа туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Құжатты Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева таныстырды. Заң жобасы Парламент қабырғасына кірген 5 айдың ішінде 20-дан астам отырыс өткен. 114 түзету енгізілген. Енді БАҚ жұмысында не өзгереді?

Мәжілістің жалпы отырысында «Масс-медиа» туралы заң жобасы қызу талқыланды. Онысы бекер де емес. Қолданыстағы «БАҚ туралы» заң моральдық тұрғыдан ескірген. 24 жылда ақпараттық сала толығымен өзгерді. Сондықтан заман талабына сай жаңа заң әзірленді.

Аида Балаева ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:
-«Масс-медиа» ұғымы онлайн-платформалардан басқа, барлық интернет-ресурстарды қамтып отыр. Ең бастысы заң жобасы сөз еркіндігін қатаң сақтай отырып, журналистердің кәсіби статусын көтеру және мемлекеттік ақпараттық саясаттың тиімділігін арттыру мәселелерін шешетін болады.

Заң жобасында журналистердің құқығы мен бостандығының сақталуына ерекше мән берілмек. Бұл үшін «тиісті ұсынымдары бар ұлттық баяндама дайындалады»,— дейді жауаптылар.

Жанарбек Әшімжан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Балалар басылымдарын қолдауға, өңірдегі басылымдарды қолдауға, мемлекеттік тілдегі контентті арттыруға, шекарадан көрермендерге ақпаратты іріктеуге, мынау инклюзивті орталық жайлы, сонымен осы журналистерді қуғындауға жол бермейтін жақсы-жақсы нормалар бар.

Негізгі өзгерістерге тоқталсақ... БАҚ-тың ресми сауалына жауап беру мерзімі 7 күннен 5 күнге қысқарады. Отандық телерадио хабар тарататын спутниктік операторлардың шығындарының бір бөлігі субсидияланады. Ал 2025 жылдан бастап мемлекеттік емес БАҚ республикалық деңгейде гранттық қаржыландыруға көшеді. Есепке қою тетігі жетілдіріледі. Атап айтсақ, аккредитацияны жеделдету үшін баспасөз карталарын енгізу ұсынылды.

Әрине, жұмысты оңтайландыруға арналған бастамалар көп. Бірақ бәрі бірдей қолдау тапқан жоқ.

Айдос Сарым, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Медиа қауымдастық өкілдері Үкімет ұсынған заң жобасындағы баспасөз картасына қатысты наразылықтарын ашық айтып отыр. Журналистердің арасында теңсіздік тудырып, құқықтарын шектеуі мүмкін. Қоғамдық палатаның мүшелері де пресс карта журналистің еркіндігі мен ақпарат алуын шектеуге бағытталған норма деп отыр. Біз «AMANAT» фракциясы бұл нормаға үзілді-кесілді қарсымыз. Мұндай құйтұрқы форматтағы шектеу нормаларын енгізуді қою керек деп санаймыз.

Аида Балаева ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:
-Белден басып, тек өзіміздің нормамызды енгіземіз деген жоқ. Ең басты заң жобасы, жалпы заң журналистердің мүддесіне, журналистердің статусын арттыруға бағытталған. Сондықтан оны бірге қарайық .

Министр орталық коммуникациялар алаңында журналистерге заң жобасын түсіндірді. Айтуынша, депутаттар қазақтілді контент үлесін 50-ден 70% ұлғайтуды ұсынды.

Алайда сала өкілдерінің пікірі ескерілді. Сондықтан «бұл процесс кезең-кезеңмен жүзеге асады»,— деді министр. Алда әлі екінші оқылым бар. Оған дейін депутаттар да, министр де талқылауда айтылған түйткілдер мен ұсыныстарды пысықтап, ортақ шешімге келуі тиіс.

Авторлары: Дана Әлиева, Тоқтар Терлікбаев