Хабар телеарнасы

Қазақстан ЭЫҰ елдеріне экспортты ұлғайтады

Қазақстан экономикалық ынтымақтастық ұйымы елдеріне 100-ге жуық тауар түрін экспорттауға дайын. Халықаралық көлік дәліздерін дамытып, алып нарықтарға төте жол ашуға да мүдделі. Бұл жайында Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың Ташкентке жұмыс сапары кезінде айтылды. Премьер-министр Өзбекстан астанасында ұйымның 16-саммитіне қатысты. Әрі бірқатар кездесу өткізді. 

Экономикалық ынтымақтастық ұйымы 1985 жылы құрылған бірлестік. Штаб-пәтері Тегеранда орналасқан. Құрамында Орталық Азия бестігімен қоса, Әзербайжан, Иран, Түркия және Пәкістан бар. Ташкент бұл жолы бірлестіктің 16-саммитін әрі бірқатар Мемлекет басшысын қабылдап жатыр. Қазақстан Үкіметінің басшысы сапар аясында осы елдің Президенті Шавкат Мирзиёевпен де кездесіп, екіжақты сауда-саттықты ұлғайту жайын сөз етті.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
-Өзбекстан – Қазақстанның ең ірі сауда серіктестерінің бірі. Орталық Азиядағы барлық өңірлік сауданың шамамен 70% біздің елдерге тиесілі. Өткен жылдың қорытындысы бойынша тауар айналымы 30% артып, алғаш рет $5 млрд-қа жетті. Біз өзара сауданы $10 млрд-қа жеткізу бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатырмыз.

Екі ел арасындағы стратегиялық ынтымақтастық, атап айтқанда сауда, көлік және су шаруашылығы саласындағы уағдаластықтар жүйелі жүзеге асырылып жатыр. Мұндай деңгейдегі байланыс экономикалық ынтымақтастық құрылымына біріккен тағы 8 мемлекетпен қолға алынған. Біздің ел ұйым мемлекеттерімен өзара алыс-берісі былтыр 16,5 млрд долларға жеткізген. Алайда биылғы 8 айда көрсеткіш сәл кеміді. Жағдайды жақсарту үшін еліміз бұл нарықтарға қосымша 100-ге жуық тауар түрін экспорттауға дайын.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
-Елімізде өңделген және азық-түлік өнімдерін тасымалдау көлемін ұлғайтуға мүмкіндік беретін трансшекаралық хабтарды салу бойынша ауқымды жоспарлар бар. Заманауи сауда-логистикалық инфрақұрылымды дамытудағы негізгі жобалардың бірі Қазақстан-Өзбекстан шекарасындағы «Орталық Азия» халықаралық өндірістік ынтымақтастық орталығы болып табылады. Осындай өнеркәсіптік сауда-логистикалық кешен Қырғызстанмен шекарада да салынады.

Ұйым елдерінің басым бөлігінде дүниежүзілік мұхитқа шығар жол жоқ. Сәйкесінше Қазақстан Транскаспий дәлізі және Батыс пен Шығыс арасындағы транзит жолдарын дамытуға басымдық береді. Қазір Каспий теңізіндегі порттардың әлеуеті артып, Қытаймен шекарада Орталық Азия үшін арнайы станция салу жоспарланған. Саммитте Әлихан Смайылов Қазақстанның экономикалық ынтымақтастық ұйымы елдерімен өндіріс саласындағы байланыс тереңдей түскенін де атап өтті. Алдағы уақытта бизнес-серіктестермен жоғары технологиялық жобаларды бірлесіп жүзеге асыру жалғасады.

Авторы: Рауан Мыңбаев