Хабар телеарнасы

Сенат отырысы: теміржолшылардың зейнет жасы талқыланды

Теміржолшылардың зейнет жасын 55-57 жасқа дейін төмендету керек. Сенаттың жалпы отырысында Геннадий Шиповских осы мәселені көтеріп, Үкіметке депутаттық сауал жолдады. Қазір бұл салада 140 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Депутаттың айтуынша олар әлеуметтік қолдаудан қағылып жүр. Әсіресе қарапайым жұмысшылардың жағдайы қиын. Тұрғын үймен қамтудың тиімді тетігі жоқ. Сенатор көлік министрлігі тарапынан ұсынған жалақы жайлы ақпаратқа күмәнмен қарайтынын жеткізді. Онда ең төменгі айлық Павлодар облысында 280, ал Ақтөбеде 382 мың теңге деп көрсетілген. Бірақ бұл шындыққа сәйкес келмейді.

Геннадий Шиповских, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
-Теміржол саласындағы қарапайым жұмысшыларға корпаративтік келісім немесе басқаша тетіктерді қарастыра отырып, 55 немесе 57 жастан зейнетке шығаруды қарапайым жұмысшыларының жалақысын көтеруді ұсынамыз. Өңірлердегі теміржолшылардан алған мәліметтерге сүйенетін болсақ, қолға алатын жалақысы Ақтөбеде жобамен 200 мың теңге, Қызылордада 180 мың теңге, Абай облысында 160 мың теңге.

Ал Сенат депутаты Нұрлан Бекеновтің айтуынша, егілген 400 млн-нан аса көшеттің 120 млн тамырланбауы мүмкін. «Мемлекет басшысының алдағы 2 жылда 2 млрд ағаш отырғызу қажет»,— деген тапсырмасы баяу орындалып жатқанын айтады. Себебі қазірдің өзінде әрбір үшінші көшет қурап жатыр. Биыл көгалдандыру жұмыстарына 12,8 млрд теңге жоспарланған. Депутат бюджет қаржысының далаға кетіп жатқанына алаңдайды.

Нұрлан Бекенов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
-Өсімдіктер мен ағаштарды өсіру, сондай-ақ оларға күтім жасау тәсілдерін қайта қарау керек деп санаймын. Көшет отырғызатын мердігерлік ұйымдарға ағаштарды одан әрі міндетті түрде күтіп-баптау мен жай-күйіне мониторинг жасау және ол туралы есеп беру тәртібі бекітілсін. Бұл шарт қызмет көрсету шартында көрсетіліп, оларды орындамағаны үшін жауапкершілік туралы белгімен бірге жазылуы керек.