Хабар телеарнасы

Президенттің жыл ішінде Қытайға екі мәрте сапарлауының маңызы неде?

Иә, дәлірек айтсақ соңғы рет Мемлекет басшысы шығыстағы көршілерге мамыр айының соңында ресми сапармен барған еді. Ол кезде Қытай лидерімен екіжақты кездесуден бөлек Қытай - Орталық Азия саммитіне қатысқаны мәлім. Бұл жолы да Си төрағамен кездеседі, сондай халықаралық саммитке қатысады. «Бір жол, бір белдеу» жобасының бас жиынына Шығыспен Батыстың арасында тұрған Қазақстан бармағанда кім барады!? Әуелі аталған халықаралық жоба туралы аз-кем ақпарат.

«Бір жол, бір белдеу» жобасы 10 жылдан бері жүзеге асып келеді. Содан бері Қытай 150 мемлекет, 30-дан аса халықаралық ұйым мен 200-ден аса үкіметаралық және ведомствоаралық келісім-шарттар жасады. «Бір жол, бір белдеудің» аясында Қазақстан мен Қытай арасында алғашқы жүзеге асқан жоба Лянюнганьдағы теңіз терминалы екенін айта кету керек. Ол Тынық мұхиты мен Каспийдегі Ақтау және Құрық порттарын жалғайды. Сондай-ақ Қорғас құрғақ порты жобасы да жемісті жүзеге асуда. Мұның сыртында Батыс Еуропа-Батыс Қытай көлік дәлізі бар. Қазақстан жібек жолы бойында тұрған трансқұрлықтық көпір ретінде, «Бір жол, бір белдеу» жобасы аясында ынтымақтастықты тереңдетуге мүдделі.

Ауқымды іс-шара қарсаңында Қазақстанның Қытайдағы төтенше және өкілетті елшісі Шахрат Нұрышев жергілікті телеарнаға сұхбат беріп, жиында жоспарланған шаралардың бір парасынан хабар берді. 

Шахрат Нұрышев, Қазақстанның Қытайдағы төтенше және өкілетті елшісі:
-Біздің Президенттің сапары аясында бірнеше маңызды құжатқа қол қойылады деп күтілуде. Транспорт бағытында бұл халықаралық Транскаспий дәлізі жобасы шеңберіндегі ықпалдастық, Қазақстан мен Қытай арасында үшінші теміржол өткелін салу туралы құжат, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық бойынша құжат қабылданады деп күтілуде. Күн тәртібінде екі ел арасында мәдени орталықтарды құру және келесі жылды Қытайда Қазақстанның туризм жылы деп жариялау сияқты маңызды шаралар тұр.

Осы орайда маманның пікіріне жүгінсек. Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшысы һәм Қытайтанушы Олжас Бейсенбаев бұл сапардан келесідей нәтижелерді күтуге болады деп топшылайды. 

Олжас Бейсенбаев, Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшысы:
-Бұл бағытта біз тек қана орталық деңгейінде емес, облыстар деңгейінде, Жетісу, Шығыс Қазақстан, Абай облысы осы облыстармен шекарадағы Қытайдың провинцияларымен екі арадағы сауда-экономикалық байланысты біз дамытуымыз қажет деп ойлаймын. Осы «Белдеумен жол» аясында ықпалдастық жүргізген елдердің рейтингі жасалған екен. 94 мемлекеттің рейтингі. Соның ішінде Қазақстан 4 орында тұр. Яғни екіжақты байланыс кедергісіз жүріп жатыр.

Сандар сөйлесін. Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда айналымы былтыр 24,1 млрд долларды құраса, биылғы жылдың қаңтар мамыр айларының өзінде 21,6% өсіп, 10,7 млрд долларға жетіп отыр. Ал Қытай мен Орталық Азия арасындағы сауда айналымы 22 жылы 70 млрд долларды құраса, оның 70% немесе 31 млрд доллары – Қазақстанның үлесі.

Қытай біздің елді мәңгілік стратегиялық серіктес тұтады. Демек көршілердің пейілі мен бейілін өз мүддемізге пайдалану абзал. Айтпақшы Мемлекет басшысы мамыр айындағы сапарында Қазақстанның көршілерге деген ықыласын айқын айтқан болатын. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Екіжақты қарым-қатынасты жандандыру жолындағы мақсатымыз – ортақ. Аймақтық және халықаралық қауіпсіздікті, өзара ықпалдастықты нығайтуды көздейтін мұратымыз да – бір. Біз үшін Қытаймен мәңгілік әрі жан-жақты стратегиялық әріптестікті одан әрі дамыту өте маңызды.