Хабар телеарнасы

Президенттің мақаласы Америкалық басылымға шықты

«Біріккен ұлттар ұйымы – жаһанның келешегін айқындайтын, ұзақ мерзімді шешімдерге баса назар аудару керек». Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы бір үндеуі  АҚШ-тағы беделді The Hill газетінде жарияланды. Мемлекет басшысы қазіргі халықаралық мәселелерді шешу үшін, бірігіп әрекет етуге шақырып отыр. Жаппай қырып-жоятын қарудан бас тарту, биологиялық және азық-түлік қауіпсіздігі, су мәселесі сынды ауқымды мәселелерді қазақ лидері Бас Ассамблеяның жалпы дебатында да, Хил басылымына шыққан мақаласында да қозғады және ортақ күш жұмылдыруда бүгінмен шектелмеу шарт деп, ерекше атап өтті.

Қасым-Жомарт Кемелұлы америкалық The Hill басылымына жарияланған мақаласында әлем қауымдастығын келешекті ойлауға үндеген. Автор жаһандық түйткілдердің түйінін тарқату үшін бас қосатын тамаша орта ретінде БҰҰ-ң бас Ассамблеясы екеніне шүбә келтірмейді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-БҰҰ құрылған 78 жылдан бері Бас Ассамблея жаһандағы ең өзекті түйткілдерді шешу үшін әлемнің ең ықпалды лидерлерін бір шаңырақтың астына жинап келеді. Аз ғана адамның үлкен жауапкершілігі, олардың бір мысқал болсын шешімдерінің өзі миллиардтаған адамның тағдырына ықпал ете алатынын бұл саммит әр жылда көрсетіп келеді.

Бас Ассамблея әлемнің бас мінбері, тек ортақ мүддеге бейілдік пен жауапкершілік керек. Биыл оның жүгі тым ауыр. Халықаралық қатынастардың күн тәртібі соңғы он жылдан бері полярланып қана қоймай, алуан түрлі күштердің ыңғайына қарай нақтылана түскен. Өзім білемдікке салсаң, орға түсесің кері. Оның айқын айғағын 3 жыл бұрынғы пандемия көрсетіп берді. Жекелеген елдердің жаһандық сын-қатер алдындағы дәрменсіздігі анық байқалды. Кейінгі жылдары белең ала бастаған климаттық өзгерістер де, геосаяси шиеленістер де стратегиялық мақсаттардан гөрі күнделікті мәселелерге жіпсіз байлайтынын көреміз. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Ұзақ мерзімді мәселелер өзектілігіне қарамастан біздің күн тәртібімізде күнделікті кездесе бермейді. Қазіргі саясаттың ырғағы сол, біз ол проблемалар үлкен қауіп-қатерге айналғанда ғана шешуге бет бұрамыз. Әдетте оның тым кеш болатынын уақыт көрсетіп келеді.

Қазақстан БҰҰ аясында биологиялық қауіпсіздік жөніндегі агенттік құруды пәрменді түрде ұсынып келеді. Бұл — болашақтың пандемиясына дайын болудың алғышарты. Алғашқы белгілері көріне бастаған жаһандық су және азық-түлік дағдарысы да қазірден қамдануға итермелейді. Әйтпесе тұрақты дамудың ауылы алыс дей беріңіз. Бұл да қазақ Президентінің ұстанымы.

Бақытгүл Хамбар, Экономикалық зерттеулер институты тұрақты даму мақсаттары жөніндегі хатшылықтың директоры:
-Тұрақты дамудың бір мысалын алайық — таза су. Ол қарапайым адамның денсаулығы үшін керек. Ал екінші жағынан таза су болмаса, дені сау емес адам ертең қоғамға белсенді қуатты еңбек күші бола алмайды. Қоғамда белсенді еңбек күші жоқ болса, біз экономиканы ары қарай дамыта алмаймыз. Сәйкесінше олар бір-бірімен тығыз байланысты. Сондықтан тұрақты даму дегеніміз — біздің күнделікті өміріміз.

21-ғасырдың 2-ші онжылдығында бір нәрсені анық бағамдау абзал. Тұрақты дамудың шарты — кеңінен ойлау. Ертеңгі күнге қазірден қам жасау және ол үшін күш біріктіруге әркез дайын болу. Алдағы 1 жылды емес, 100 жылды ойлайтын заман қазір. Бұл әлем лидерлерінің ел азаматтарымен қатар адамзат алдындағы парызы болуға тиіс. Америкалық басылымдағы мақаласын Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деп түйіндеді.

Авторы: Берік Дүйсенбай