Хабар телеарнасы

Жолдау 2023: елді елең еткізгені

Осы орайда өткен Жолдауда халықтың тұрмыс сапасына әсер еткен кейбір шаралар туралы сөз болсын. 2020 жылдан бері мұғалімдердің жалақысы 2 есе өсті. Дәрігерлердің айлығы да айтарлықтай көбейді. Олардың табысы қазір елдегі орташа жалақыдан әлдеқайда жоғары. Жұртқа зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану мүмкіндігі берілді. Мұның арқасында 1 млн тарта азамат баспаналы болды. «Жайлы мектеп» жобасы аясында 400 жуық мектеп салынады.

Қазір ауылдық жерде 300 астам денсаулық сақтау нысаны салынып жатыр. «Ұлттық қор – балаларға» жобасы қолға алынды. Соның арқасында жаңа жылдан бастап балалардың есепшотына қаражат түсе бастайды. Сондай-ақ келер жылдан бастап, ең төменгі жалақы мөлшері - 85 мың теңге болып бекітілді. Соңғы үш жыл ішінде бұл көрсеткіш 2 есе көтерілген. Ал халықтың Жолдауға қатысты пікірі қандай? Тұрғындардан сұрап білдік.

БЛИЦ:

- Балаларға қарсы жасалған қылмыстарды бақылауға алып жатыр. Бұл өте керемет жағдай қуанарлықтай. Өйткені балалар біздің ең әлсіз жеріміз.

- Судың мәселесі көп қиыншылық болып жатыр. Сол мәселе шешілсе екен дейміз. Министрлік бәрі ат салысып, қарастырылады, соған сенеміз енді.

- АЭС-ті Қазақстанда салу керек, салмау керек дегеніне бірнеше жыл болды ғой көтеріліп жатқанына. Халыққа тыныштық керек те қазір, бекерге даулай беретін нәрсе керек емес қой. Референдуммен шешкені дұрыс болды.

- Ауыр жұмыста істейтіндерге, шахтада істейтіндерге, денсаулыққа зиян жерде істейтіндерге  Үкіметтен жақсылықтар болып жатыр.