Хабар телеарнасы

Ұлттық құрылтай 2023: Креативті индустрияны жаңа деңгейге көтеруіміз керек

«Креативті индустрияны жаңа деңгейге көтеруіміз керек. Қазір медиа саласы, кино және сериал, мультфильм, спорт және музыка шоулары, компьютер ойындары мен кітаптар – бәрі бірігіп, біртұтас жүйеге айналды».  Осылай деген Мемлекет басшысы Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда кино саласына тоқталған еді. Осы ретте отандық киноның қазіргі келбеті қандай, комедиядан басқа жанр неге көрерменнің көңілінен шықпай тұр? 

Бүгінде отандық кино десе, «Көшпенділер», «Томирис» фильмдері мен «Ақсақ құлан», «Мұзбалақ» сынды мультфильмдер еске түседі. «Мемлекеттік бюджетке түсірілген өнімдер сапалы болғанымен саны аз. Себебі мемлекеттік қаржыны алу және оны игеру жүйесі қиын әрі ұзақ уақыт алады. Одан кейін сапалы сценарийлер жетіспейді», — дейді сала мамандары.

Серік Әбішов, «Ш. Айманов атындағы қазақфильм» АҚ вице-президенті:
-Барлығы қазір кино көреді, сериалдар көреді, жастарымыз мультфильмдер көреді. Сондықтан бұл ең көп адамдар көретін, адамдар пайдаланатын өнім деп айтсақ болады. Осы мәдениетіміздің шыңын жақсарту үшін бізге сценарий мәселесін қолға алу керек. Сценарий мәселесін қолға алу үшін біз алдыңғы орынға әдебиетімізді көтеру керекпіз. 

Ал жас көрермендерге арналған сапалы картиналар сұраныстан әлдеқайда аз. «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» мульфильмінен бастау алатын қазақ анимациясы бір жылдық іркілістен кейін жаңа өнімдердің санын арттыра бастаған. Өткен бір жылда 20 қысқаметражды анимация жасалыпты. Шығармашылық ұжымның ендігі мақсаты толықметражды және сериалық мультфильмдер.

Жәнібек Оразалы, «Қазақ анимациясы» шығармашылық бірлестігінің жетекшісі:
-Бізде еліміздің брендіне айналатын анимациялық сериалдар шығарсақ деген арманымыз бар. Ер Төстік бола ма, кез келген бір миф аңызды алып, соның негізінде 100 серия, тоқтамайтын 500 серияға дейін жететін сериалдар шығарсақ, соның негізінде балалардың оқу құралдарын, кітаптарын, ойыншықтарын компьютерлік ойындарын да жасауға болады.

Отандық кинодағы табысты жанрлардың бірі — комедия. Бұл бағытта жеке компаниялардың жұмысы қарқынды. Өйткені кинотеатрларда отандық картинаны көрушілер үлесі 40% жеткен. Өткен бір жылда 61 фильм түсіріліп, 16 млрд табыс әкелген. Одан бөлек «Алматы креатив» орталығына жыл басынан бері 500-ге жуық озық идея ұсынылыпты.

Мамед Қалдыбаев, Креативті орталық Бас директорының орынбасары:
-Алматының дамуы бағдарламасы аясында креативті индустрия саласын қаржылық қолдау жобасы жасалды. Ол қазір қоғамдық кеңестің талқылауында. Креативті индустрия саласындағы гранттарды үлестіру күзде басталуы мүмкін. Осы жылға 500 млн теңге бөлінген. Осы мақсатта арнайы кластер, шығармашылық лабораториялар жасақталады.

Креативті индустрия көгілдір экранмен ғана шектелмейді. Ұлттық идеологяны дамытып, жастарды дұрыс жолға бағыттайтын шығармашылық саланың барлығы қамтылады.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Сержан Жұмабаев, Сұлтан Бейсекенов