Хабар телеарнасы

1 шілдеден бастап жәрдемақы ұлғаяды

1 шілдеден бастап жәрдемақы ұлғаяды. Дәл сол күннен бастап жаңа әлеуметтік кодекс күшіне енеді. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Үкімет отырысында мәлімдеді. Сонымен мүгедектігі бар адамдарға, оларға күтім жасайтын адамдарға, асыраушыларынан айырылған отбасыларға берілетін жәрдемақы мөлшері 14,5% артады. Сондай-ақ шілде айынан бастап «Алтын алқа», I және II дәрежелі «Ана даңқы» орденімен марапатталған, «Батыр ана» атағы бар көпбалалы аналарға төленетін жәрдемақы мөлшері көбейтіледі. Олардың ай сайын алатын қаражаты 7,4 айлық есептік көрсеткішке дейін артады. Елімізде мұндай санаттағы 90 мың ана бар екен. Мұнымен қоса шипажайларға жолдама беру, инвотакси, өзге де арнайы қызметтерді алу жетілдіріліпті. Жалпы жұжатқа 500-ге жуық түзету енгізілген. 

Тамара Дүйсенова, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
- Кодекс адамның бүкіл өмір сүру кезеңін қамтиды. Атап айтқанда, онда туғаннан кәмелет жасқа толғанға дейінгі әлеуметтік қолдау, еңбекке қабілетті жаста жұмыспен қамту, еңбек қауіпсіздігі, әлеуметтік сақтандыру шаралары, өмірлік қиын жағдай туындаған кезде берілетін әлеуметтік көмек және жасы ұлғайған шақтағы қолдау. Енді әлеуметтік қолдаудың барлығы осы бір құжат арқылы реттеледі.