Хабар телеарнасы

Қазақстан мен Грузия бірлескен кәсіпорын құрады

Әлихан Смайылов Грузия Премьер-Министрі Ираклий Гарибашвилимен кездесті. Келіссөз барысында Қазақстан мен Грузия Үкіметтерінің басшылары өзара тауар айналымын ұлғайту, көлік инфрақұрылымын дамыту және жүк ағынын цифрландыру мәселелерін талқылады. Ресми сапар аясында «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы мен «Грузия темір жолы» АҚ арасында бірлескен кәсіпорын құру туралы үшжақты келісімге қол қойылды. Кеше бұл құжатқа «Әзербайжан темір жолдары» компаниясы да қол қойған. Қазақстан, Әзербайжан және Грузия бірыңғай логистикалық компания құрмақшы. Ол тарифтік саясат, жүктерді тарату және Транскаспий халықаралық көлік бағытында көлік процестерін жеңілдету мәселелерімен айналысады. Нәтижесінде Қытайдан Еуропаға және кері маршрут бойынша өту мерзімі 10-15 күнге дейін қысқарады.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
-Біз Грузиямен Каспий Қара теңіз бассейінде маршруттарды кеңейту бойынша ынтымақтастықты кеңейтуге дайынбыз. Бұл тұрғыда жүк тасымалын іске асыруда екі елдің теңіз порттарының мүмкіндіктерін пайдалану өте маңызды.