Хабар телеарнасы

Президент өрт шалған аймақта болды

Президент Абай облысындағы табиғат апатының ауқымын бағамдау үшін өрт болған аймақты тікұшақпен аралап шықты. Жауапты тұлғалардың есебін тыңдап тілсіз жаумен күресте қандай шара қабылданып жатқанын өз көзімен көрді. Өңірде 60 мың гектарға жуық орман алқабы өртке оранған. Қызыл жалынмен күреске 300-ге жуық техника, 1500-ге жуық адам және 11 тікұшақ жұмылдырылыпты. Мемлекет басшысы қаза тапқан азаматтардың отбасымен кездесіп көңіл айтты және шұғыл әрекет ету штабының отырысын өткізді. Президент жиында біразын қатаң сынға алды. Көп ескерту жасалды. Ал Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевқа өз міндетін тиісті деңгейде атқармағаны үшін сөгіс жариялады. Себебі ол өрт болған жерге уақытында бармаған. Министрлік, өзге де басшылар өз қызметтік міндеттеріне селқос қараған. Не істеу керек екенін білмейді. Шұғыл шешімдер қабылдамайды. Сондықтан осындай апаттар болып отыр. Қазіргі міндет – қатердің бетін қайтару. Сосын залалдың көлемін шұғыл анықтау керек.