Хабар телеарнасы

Смайылов: Семейдегі аспалы көпірді жөндеуге қаржы бөлінеді

Семейдегі аспалы көпірді жөндеуге қаржы бөлінеді. Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Абай облысына жасаған жұмыс сапары барысында осылай деді. 2000 жылы жапондар тарту еткен стратегиялық нысан салынғалы бері жөндеу көрмеген. Күрделі жөндеу жүргізуге 5 миллиард теңге керек. Көлік өткеліндегі 90 метрлік бағаналарды жалғайтын негізгі кабельдері тоза бастаған. Асфальт жабындысы да толық жаңалауды қажет етеді. Қала ішіндегі жолдардың жағдайы да көңіл көншітпейді. Премьер-Министр шаһардағы жолдардың 60% астамы стандарттарға сәйкес келмейтінін айтып, бұған республикалық бюджеттен 7 миллиард теңге қаржы бөлінгенін жеткізді. 

Нұрбол Нұрсағатов, қала әкімі:
-Қаланың ішінде 756 шақырым жол бар. Оның ішінде асфалтталғаны 306 шақырым. 40%. Оның 9,1% жөндеу керек.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:
-Сонымен қатар аспалы көпірдің ары қарай жөнделуіне министрлікпен бірлесе отырып жұмыс жасау керек. Тиісті құжаттарды дайындап, бюджет процесіне енгізу керек. Автожолдарды ары қарай кеңейту керек. Ол үшін Индустрия министрлігімен бірлесе отырып барлық құжаттарды дайындаңыздар. Сосын бюджет процесінде қарастыратын боламыз.