Хабар телеарнасы

Сенаторлар Қазақстан-Түрікменстан мемлекеттік шекарасының режимі туралы келісімді мақұлдады

Екі ел арасында 450 шақырымнан астам шекара сызығы және екі өткізу бекеті бар. Құжат азаматтар мен көліктердің оны кесіп өту тәртібін айқындайды. Шекарада құқықтық жағынан туындауы мүмкін проблемеларды шешу жолдары да реттеледі. Жыл сайын екі мемлекет арасында орта есеппен 25 мың адам қатынайды және жүк тасымалы орындалады. Ол құрылыс материалдары, астық, сұйық май, көкөніс басқа да азық түрлері. Талқылау кезінде сала қызметін жетілдіруге қатысты депутаттық сауалдар да қойылды.

Ғауез Нұрмұхамбетов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
-Мәселе «Темір баба» шекаралық өткізу пунктіне қатысты. Онда жүк көліктерін тереңінен тексеретін бір ғана жабық нысан бар. Әр тасымалдаушыны қарап шығуға кейде 5-6 сағат уақыт кетеді. Ал басқалар бұл кезде күтіп тұруға мәжбүр.

Кеңбейіл Дәурен, ҚР қаржы министрінің орынбасары:
-Аталмыш бекеттен тәулігіне шамамен 70 жүк көлігі өтеді. Алдағы уақытта шекарадағы көлік жолағының санын арттырып, тексеру пунктін толықтай жаңғырту жоспарлануда. Сол кезде заманауи құрылғылар алынады. Бұл тексеруге кететін уақытты қысқартып құжат рәсімдеуді де анағұрлым жылдамдатады.