Хабар телеарнасы

Қылмыстық атқару жүйесіндегі қызметкерлердің табысы өседі

Жұмыс көлемі көп, айлық аз болғандықтан мамандардың тұрақтауы қиын. Мұны Сенат отырысында Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы мәлімдеді. Сондай-ақ сенаторлар түзеу мекемелерінде деструктивті діни ағымдардың таралуына жол бермеу мәселесін талқылады. Депутаттық сауалға жауап берген Жанат Ешмағамбетовтың айтуынша, қылмыстық-атқару заңнамасын жақсартуға бағытталған құжаттарда 70-тен астам түзету әзірленген. Енді түзеу мекемелеріндегі материалдық-техникалық база жаңарып, үздіксіз бейнебақылау енгізіледі. Сондай-ақ тергеу изоляторына тыйым салынған заттарды алып кіргені үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылады.

Мейрам Аюбаев, ҚР Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті төрағасының орынбасары: 
- Қызметкерлер немесе жазасын өтеп жатқандар ұялы телефон сияқты тыйым салынған заттарды ішке алып кірсе, жаза қатаңдатылады. Мұндай жағдай үшін алдындағы Мәжіліске кірген заң жобасында әкімшілік жауапкершілік қарастырылса, енді 3 жылдан 7 жылға дейінгі қылмыстық жаза қарастырылуда.