Хабар телеарнасы

Сайлаудың ресми қорытындысы жарияланды

Орталық сайлау комиссиясы ҚР Парламент Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауының түпкілікті қорытындысын шығарды. Бұған дейін жарияланған нәтижеден айырмашылық алшақ емес. Мәжіліске алты партия өтіп отыр. Оның ішінде партиялық тізіммен «AMANAT» 40 адам депутат болады. «Ауыл» халықтық-демократиялық партиясынан 8, Respublica партиясынан 6, Қазақстан Xалық партиясынан 5, «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясынан 6 және Жалпыұлттық социал-демократиялық партиянан 4 адам төменгі палатада депутат атанады. Мажоритарлық жүйеге келсек, 29 орынның 22-сі Аманат партиясының атынан түскен кандидаттарға тиесілі болды. Ал жеңіске жеткен қалған жеті адам өзін-өзі ұсынғандар. Саяси науқан кезінде заңға қайшы әрекеттер де болған.

Нұрлан Әбдіров, ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы:
-Заңды бұзғаны үшін учаскелік комиссиялардың шешімдерімен олардың жұмысына қатысудан 19 мүшесі дереу шеттелді. Бас Прокуратураның ресми ақпараты бойынша дауыс беру күні 42 адамның тарапынан құқықтық бұзушылықтар тіркеліп, олардың барлығы жауапқа тартылды. Олардың ішінде 7 учаскелік комиссия мүшесіне әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодекстің 108 бабы, ал 18 учаскелік комиссия мүшесіне 110 бабы бойынша айыппұл салынды.