Хабар телеарнасы

Қарағанды облысында бір депутаттық орынға 3 үміткерден келеді. LIVE

Барлығы 665 кандидат. Солардың арасынан үздігін таңдау үшін кенді өңірдің жұрты таңмен таласа тұрып сайлау учаскелеріне ағылып жатыр. Осы сағатқа қанша адам дауыс беріп үлгерді? Ол жайында бізбен тікелей байланысқа шығып тұрған өңірдегі тілшіміз Ардақ Асылханұлынан сұрап білейік. 

Ардақ Асылхан, тілші:
-Дәл қазір біз кеншілердің мәдениет үйінде орналасқан қаладағы ең ірі сайлау учаскелерінің бірінде тұрмыз. Мұнда таңғы сағат 7-ден бастап кісі қарасы үзілген жоқ. Жұрт әлі де келіп жатыр. Жалпы Қарағанды облысында барлығы 654 сайлау учаскесі болса, онда шамамен 761 мыңнан астам сайлаушы тіркелген. Ал 13 мың адам алғаш рет дауыс бергелі отыр. Қарағанды облыстық сайлау комиссиясының мәліметі бойынша, дәл осы сағатқа дейін халықтың 58% өз таңдауын жасаған. Олардың арасында елге танымал тұлғалар да бар. Солардың бірін жазып алған едік, тыңдап көрейік.

Серік Санаубаев, облыстық Кәсіпкерлер қауымдастығының атқарушы директоры:
-Бұл сайлауды өзіміз күттік. Әр мәселені шешуге жаңа бір оймен қарау керек. Жаңа тәсілдер пайда болу керек. Жаңа жол пайда болу керек. Осы тұрғыдан қараған кезде жастарға сенеміз.

Ардақ Асылхан, тілші:
-Сайлаушылардың негізгі легі күндіз келді. Қазір аздап саябырсыды. Облыста 55 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі азамат бар. Олардың дауыс да беруіне барлық жағдай жасалған. Ал саяси науқанның әділ, әрі заң шеңберінде өтуін түрлі халықаралық ұйымдардан келген тәуелсіз байқаушылар мен үміткерлердің сенімді өкілдері мұқият қадағалап отыр. Әзірге ешқандай заңға қайшы әрекеттер тіркелмеген.