Хабар телеарнасы

Сайлау 2023: 7 партияның жетекшілері дауыс берді

Конституцияның 33-бабы азаматтардың сайлау және сайлануына бірдей кепілдік береді. Саяси додаға түсіп жатқан партия өкілдері мен әр өңірдегі кандидаттар Ата заңда белгіленген бұл құқығын белсенді пайдаланып жатыр. 7 партияның жетекшілері дауыс беріп, мажоритарлық жүйемен мандат алуға ниетті кандидаттар да өз таңдауларын жасады.

Саясат серкелері өз таңдауын жасады. «АМАНАТ» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов Есілдің сол жағалауындағы 110-шы сайлау участкесінде дауыс берді. Партия төрағасы кемел қоғам қалыптасу үшін сайлаудың әділ болуы маңызды екенін атап өтті.

Ерлан Қошанов, «AMANAT» партиясының төрағасы:
-Сайлаушылардың жоғары белсенділігі қуантады. Үгіт-насихат жұмыстары аясында еліміздің барлық аймағын аралап, азаматтардың саяси өмірге деген қызығушылығы артқанына көз жеткіздік. Сайлаудың әділ өтетініне сенімдімін.

«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының төрағасы Әли Бектаев та сайлау құқығын қолданды. Сенат депутаты зайыбымен бірге елордадағы нөмірі 66 мектеп-лицейдегі №113 сайлау учаскесінде азаматтық таңдауын жасады. «Ауыл» партиялық тізіммен Парламент Мәжілісіне 25 кандидат ұсынып отыр.

Әли Бектаев, «Ауыл» партиясының төрағасы:
-Көптеген нәрселер өзгереді. Болашақта біздің халқымыздың тұрмыс-тіршілігін жақсартуда көптеген жұмыстар атқарылады деген сеніммен келіп қатысып отырмын отбасыммен келіп.

Ал Respublica партиясы Мәжіліс депутаттығына 23 үміткер ұсынып отыр. Азаматтық таңдауын жасаған партия төрағасы Айдарбек Қожаназаров «Астана Опера» театрында орналасқан сайлау учаскесінде дауыс берді. Ол өз үзеңгілестерінің сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыра алатынына сенімді.

Айдарбек Қожаназаров, Respublica партиясының төрағасы:
-Шынайы тарихи оқиға. Қараңызшы, қаншама партия қатысып жатыр. Біздің ойымызша өткен 26 күн өте қызық болды. Біріншіден әділдік.

«Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы Азаматхан Әміртай да өз таңдауын жасады. Астанадағы №92 мектепте орналасқан 52-ші сайлау учаскесіне барып дауыс берді. Азаматхан Әміртай Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының сайлауы әділ өтетініне сенімді. Ал «Ақ жол» партиясынан мәжіліс депутаттығына 54 кандидат ұсынылып жатыр. Азат Перуашев 122-ші сайлау учаскесінде дауыс берді. Ол бүгінгі күн ел үшін маңызды екенін атап өтті. Саяси науқанға атсалысқан штаб мүшелеріне алғысын білдірді.

Азат Перуашев, «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы:
-Бұл расында да меніңше жаңа Қазақстанға қадам. Әрі қарай Президент Тоқаев айтқандай басқа да енді реформалардың өзгерістердің жаңа бір толқыны болайын деп отыр.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының төрағасы Асхат Рахымжанов 158-ші сайлау учаскесінде өз таңдауын жасады. Саяси ұйым Мәжіліс депутаттығына 19 кандидат ұсынып отыр.

Асхат Рахымжанов, ЖСДП төрағасы:
-Сайлауалды науқан аясында үгіт-насихат жұмыстарын жақсы атқардық деп ойлаймын. Жоспарымыз жүзеге асты. Белгіленген меже орындалды. Еліміздің барлық өңіріндегі тұрғындармен келелі кездесулер өткіздік. Міне, өз таңдауымды жасап, дауыс бердім. 

Жаңа формат. Тың тәсіл. Бұл сайлаудың бұрынғыдан ерекшелігі — мажоритарлық жүйенің енгізілуі. Мысалы, Қостанай облысында бір мандатты округтен мәжіліс депутаттығына он адам түсті. Солардың бірі — Берікжан Қайыпбай. Халық он кандидаттың біреуін таңдайды. Яғни сайлаушыларға өз өңірінің түйткілін түгел білетін, проблемасын түбегейлі түсінетін азаматқа дауыс беру мүмкіндігі туды.

Еліміздегі сайлау барысы бүкіл әлемнің назарында. Маңызды саяси шара туралы ресми ақпараттарды 30-дан аса шетелдік БАҚ өкілі таратты. Сайлау учаскелерінде 40 шетелдік және 12 халықаралық ұйымнан 800-ден аса байқаушы жұмыс істеді.

Авторы: Ауғанбек Манарбекұлы