Тоқаевтың штабы сайлау науқанын қорытындылады

Саяси науқанның заңға және халықаралық нормаларға сәйкес өткені де айтылды. «Сайлау Халықтық коалицияға кірген барлық партия мен қоғамдық ұйымдарды бір арнаға біріктірді», — деген Ерлан Қошанов, әрі қарай да жұдырықтай жұмылуға шақырды. Алда бірқатар реформалар тұр. 

Ерлан Қошанов, республикалық қоғамдық штабтың басшысы:
- Халықтық коалицияның жұмысы мұнымен аяқталмайды.Сайлауалды бағдарламаны іске асыруға келген кезде және де реформаларды Президент іске асыруға келген кезде барлығымыздың ұстанымымыз бір болу керек деп ойлаймын.

Штаб басшысы Халықтық коалиция мүшелеріне алғысын да білдірді. Үгіт насихат кезінде Қасым-Жомарт Тоқаевтің жақтастары 42 қала мен 5 мың ауылды аралаған. Тиісінше 3 миллиондай сайлаушымен кездесуде 40 мыңнан астам ұсыныс пен тілек жиналған. 

Жақсыбек Құлекеев, қоғам қайраткері:
-Сайлаудың нәтижесі қалың бұқарамен Президент және билік арасындағы 7 жылдық келісімшарт екенін ендігі жерде бәріміз естен шығармауымыз керек. Сондықтан менің түсінігімде жалғыз Президент емес, осы науқанға қатысқан барлық азаматтардың халық алдындағы алған ортақ міндеттері бар екенін біз ешқашан естен шығармауымыз керек.