Хабар телеарнасы

Шахтадағы еңбек қауіпсіздігі талаптары күшейтілу керек

Ал жоғарғы палата депутаттары «Арселор Митталдың» мәселесі бойынша Бас прокуратураға сауал жолдады. Олар мұндай жағдайда заңды тұрғыда кәсіпорын басшылығы мен құрылтайшысы қатар жауапкершілік арқалайтынын айтты. Заңда еңбек және өндіріс қауіпсіздігін сақтамаған мекемелердің жұмысын тоқтату туралы баптар бар. Егер көпшіліктің өміріне немесе денсаулығына қатер төнсе, прокуратура органдары осындай шешім қабылдай алады, — деді депутаттар.
Айта кетейік, шахтада болған апатқа байланысты қылмыстық іс қозғалып, апат себебін тергеу жөніндегі үкіметтік комиссия құрылды. Оған Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин басшылық етеді. 

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Әрине, бұл үлкен трагедия. Бәріміздің қабырғамыз қайысып отыр. Енді біз өз тарапымыздан ары қарай осы комиссияның жұмысын, нәтижелерін күтеміз. Егер де керек болса тиісті заңдарға өзгеріс енгізуге біз дайынбыз.