Хабар телеарнасы

Президент Алматы қаласы әкімін қабылдады

Қала әкімі Президентке экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларының орындалуы жөнінде баяндады. Есеп беріліп отырған кезеңде қысқамерзімді экономикалық индикатор 105% жеткен. ­Өңдеуші өнеркәсіп – өсімнің негізгі драйверіне айналды. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 22,1% артқан. Алматы жеке инвестициялар көлемі жөнінен (22,4%) өңірлер арасында бірінші орында. Қалада іскерлік белсенділік қалпына келді. Биылғы тоғыз айда жұмыс істейтін шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 37,2% артты.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа Алматы қаласын дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасының жүзеге асырылуы және 2030 жылға дейінгі ортамерзімді перспективалары, сонымен қатар дамудың бекітілген негізгі басымдықтарын ескере отырып, қаланың 2040 жылға дейінгі жаңа Бас жоспарын әзірлеу барысы туралы баяндалды.

Мемлекет басшысына инженерлік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары, мектептердегі орын тапшылығын төмендету үшін қабылданып жатқан шаралар, бірыңғай бейнемониторинг жүйесін құру жөніндегі тапсырмасының орындалу барысы туралы мәлімет берілді.

Кездесу соңында Президент қаланың экономикасын одан әрі әртараптандыру және инфрақұрылымын жаңғырту жөнінде тапсырма берді.

Дереккөз: akorda.kz