Хабар телеарнасы

Қ. Тоқаев: ХХІ ғасыр Азияның ғасыры болады деген болжам бүгінде шындыққа айналды

Әлемдегі ең ірі 30 қаланың 21-і Азияда орналасқан. Бүгін Астанада өткен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің VI саммитінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. 

Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесіне 1999 жылы 15 мемлекет мүше болса, бүгінде олардың саны 28-ге жетті. Бұл шын мәнінде кеңестің Азия елдері және жалпы әлем қауымдастығы алдындағы беделінің арта түскенін көрсетеді. Кеңеске Кувейт те бүгін мүше болды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Кувейт өзінің өтінімінде Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесіне мүше мемлекет ретінде қосылуға ниет білдірді және оның шеңберінде қол қойылған қағидаттар мен шешімдерді сақтауға дайын екенін білдірді. Кувейт Азиядағы бейбітшілікті, қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтуға маңызды үлес қосатынын атап өтті. Кеңес төрағалығы Кувейттің осы ұйымға мүше болу туралы өтінішін толығымен қолдайды.

БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гутерриш саммитке онлайн қатысып, сөз сөйледі.

Антонио Гутерриш, БҰҰ Бас Хатшысы:
-Кейінгі 30 жылда кеңес Азия елдері арасындағы диалогтың маңызды тұғырнамасына айналды. Азияның бейбіт әрі өркендеген аймақ болуы бәріміз үшін ұтымды. Заман сынақтарын бірге жеңіп, Азия мен бүкіләлем үшін жарқын болашақты қамтамасыз етейік. Сол жолда бәріңізге сәттілік тілеймін.

Қазір әлем құбылып тұр. Бір-бірімен қырғиқабақ болған елдер көбейді. Мұның соңы жақсылыққа апармасы анық. Әсіресе экономика құлдырап барады. Транзит қиындай түсті. Саммитте қазақ басшысы «тасымал ісінде жаңа шаралар қабылдау керек» деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Жаһандық логистикалық тізбектердің үзілуі тиімді көлік-транзит дәліздерін қалыптастыруға жаңа көзқараспен қарауды талап етеді. Коммуникация мен жүктерді жеткізудің әртараптандырылған бағыттарын пысықтау арқылы көлік-транзит әлеуетін жүзеге асыруға мән беру маңызды.

Ресей Президенті де осы мәселеге тоқталды. Владимир Путин Азия елдерімен экономикалық байланысты нығайтуға ниетті екенін айтты.

Владимир Путин, Ресей Федерацияның Президенті:
-Бүгінгі кездесу жаһандық саясат пен экономикадағы елеулі өзгерістер аясында өтуде. Біз Азияның дамуы мен өркендеуін және осы мақсатта өзара тиімді сауда және инвестициялық ынтымақтастықтың кең, ашық кеңістігін құруды қолдаймыз.

Ал, Қырғыз басшысы Садыр Жапаров бұл жолы өңірлік қауіпсіздікке басымдық береді.

Себебі бүгінде Тәжік пен қырғыз шекарасындағы ахуал мәз емес. Одан бөлек, терроризмнен де қауіп бар.

Садыр Жапаров, Қырғыз Республикасының Президенті:
-Еліміз терроризмге және экстремизмге қарсы іс-қимыл жөнінде кешенді жұмысты жалғастыруда. Қырғызстанда лаңкестердің қозғалысын халықаралық бақылау үшін жолаушыларды алдын ала ақпараттандыру және жолаушыларды тіркеу деректері жүйесі енгізілді.

Ереван мен Баку бейбіт келісімге келуі мүмкін. Саммитте Әзербайжан Президенті екінші тарапқа осындай ұсыныс білдіргенін атап өтті. Ал Украинадағы ахуалдың әзірге жақсаратын түрі жоқ. Саммитте сөз алған түрік басшысы Режеп Тайип Ердоған Украинадағы ахуалды өткір сынады.

Режеп Тайип Ердоған, Түркия Президенті: 
-Бәріміз Украинадағы дағдарыстың салдарын көріп жатырмыз. Оның зардабы аймақтық және жаһандық ауқымға ұласты. Әділ әлемге дипломатия арқылы ғана қол жеткізуге болады.

Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес ұйымға трансформациялануы мүмкін. Қазақ басшысы кеңесті жаңғыртуды ұсынды. Бастама қолдау тапты. VI саммиттің тағы бір жаңалығы: еліміз Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске тағы екі жыл төрағалық етеді. 2020-2022 жылдары кеңесті басқарған Қазақстан енді 2024 жылға дейін төрағалықта болады. Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл ұсынысын өзгелер де қолдады.

Авторлары: Достық Талғатұлы, Құдайберген Аймырза