Хабар телеарнасы

Мемлекет басшысы бірқатар ел басшыларымен кездесті

Артынша, Мемлекет басшысы Қатар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәнимен шағын құрамда келіссөз жүргізді. Президент мәртебелі мейманға шақыруын қабыл алып, Қазақстанға мемлекеттік сапармен келгені үшін алғыс айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
–Жоғары мәртебелі шейх Тәмим мырза, өзіңізбен Қазақстанда кездесіп отырғаныма өте қуаныштымын.  Біз үшін Қатар Мемлекеті – Таяу Шығыстағы ең маңызды серіктес. Сондықтан қарым-қатынасымызды одан әрі дамыту үшін бар күш-жігерімізді саламыз.

Қатар Әмірі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстанға шақырғаны үшін алғыс айтып, қонақжайлық көрсеткені үшін ризашылығын білдірді.

Шейх Тәмим Бен Хамад Әл Тәни, Қатар Әмірі:
–Жоғары мәртебелі Президент мырза, еліңізге мемлекеттік сапармен шақырғаныңыз үшін алғыс айтамын. Екі ел арасында жақсы қарым-қатынас орнаған. Кейінгі жылдары әртүрлі саладағы байланыстарымыз қарқынды дамып келеді.

Кеңейтілген құрамда өткен келіссөзде тараптар сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамытуға ерекше назар аудара отырып, қазақ-қатар қарым-қатынасының жай-күйі мен даму перспективаларын талқылады. Жалпы Қазақстан Қатар елі әуелден сауда серіктес. Алайда тауар айналым көлемі көп емес еді. Былтыр ол бар болғаны 6,3 млн доллар болды. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 25% төмен. Бүгінгі сапар аясында екі елдің алыс-берісі артатын болды.

Серік  Жұманғарин, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – сауда және интеграция министрі:
-Бірінші метрология мен сертификация жөнінде, ол деген біздің тауарларға ертең жол ашады. Ал екінші мына сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы. Ол ертең мына біздің сауда-экономикалық қарым-қатынасымызға құқытық базаны салатын, жол беретін келісімшарт.

Бүгінде Жамбыл облысында 70 мың тонна құс етін өндіретін кәсіпорын салынып жатыр. Оған Қатарлық инвесторлар қаржы салады деп күтіліп отыр. Қажетті инвестиция көлемі 50-70 млн доллар шамасында. Бұдан бөлек, бұл елмен бірлесіп, Алматы облысының аумағында сүт фермасын салу да көзделіп отыр. Айта кетейік, Қатар халал стандарты бойынша өндірілген азық-түлікті импорттайды.

Ербол Қарашөкеев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
-Ауыл шаруашылығы, мал шаруашылығының өнімдері негізінен Парсы елдерінде біздің Қазақстанның етінің сапасы өте жоғары бағаланады.
Сауда айналымымыз өте жоғары емес, бірақ оның потенциалы өте жоғары.

Қатармен арада 2019 жылдан бері визасыз режим енгізілген. Бұл орайда туристік әлеуеттің мүмкіндіктері орасан. Жалпы екі ел келесі жылы арадағы дипломатиялық қарым-қатынастың 30 жылдығын атап өтеді. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл айтулы датаның маңызына тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Осы кезеңнің ішінде ынтымақтастығымыз нығайып, достығымыз арта түсті. Елдеріміз арасында сындарлы диалог орнады. Сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыс жаһандық және өңірлік құрылымдар аясындағы ықпалдастық ойдағыдай дамып келеді. Жалпы Қатар біз үшін Таяу Шығыстағы өте маңызды серіктес.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Қатар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәниге Қазақстан Республикасының ең жоғары мемлекеттік наградасы – «Алтын Қыран» орденін табыс етті. Мемлекет басшысы Қатар Әмірінің халық алдындағы абырой-беделін, ел басқару ісіндегі даналығы мен ерекше тұлғалық қасиеттерін, әлемдегі бейбітшілікті сақтауға және тұрақтылықты қамтамасыз етуге қосқан зор үлесін атап өтті.

Сондай-ақ бүгін Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайип Ердоған Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді. Мемлекет басшысы мәртебелі мейманды елорда әуежайында күтіп алды.

Түркиядан көбіне-көп тоқыма, дәрі-дәрмек, кілем бұйымдары келеді. Ал біз негізінен әзірге шикізат жеткіземіз.

Астанаға келген мемлекет басшылары ертең Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өтетін Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңестің VI саммитіне қатысады. Шара аясында Президент мемлекет мен үкімет басшыларымен, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың жетекшілерімен бірқатар екіжақты кездесу өткізеді деп жоспарланып отыр.

Дереккөз: Достық Талғатұлы, Азамат Сәметов, Айдос Меделбеков, Айдос Ентебеков