Хабар телеарнасы

Украина мен Ресей арасында жағдай ушықты. Қазақстанның алдағы жоспары қандай?

Бұл жағдайда Қазақстанның жоспары қандай? Мемлекет басшысы Қауіпсіздің Кеңесінің шұғыл жиынын өткізіп, Премьер-министр Әлихан Смайыловтың, Ұлттық Банк төрағасы Ғалымжан Пірматовтың, Премьер-министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердінің, Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовтың және басқа да ведомство басшыларының баяндамаларын тыңдады. Президент дағдарысқа қарсы жедел шаралар жоспарын қабылдауды тапсырды.

Қазақстан барша әлемдік қауымдастықты қазіргі шиеленіскен мәселені дипломатиялық жолмен шешуге шақырады. Еліміздің Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді осылай деді. Министр Украинадағы біздің дипломаттарымыз мен азаматтарымызды эвакуациялау туралы да айтып берді.

Мұхтар Тілеуберді, ҚР Сыртқы істер министрі:

- Қазіргі жағдай өте күрделі, шиеленісіп бара жатыр. Ең біріншіден, біз халықаралық құқық негізінде БҰҰ ұстанымын ұстанамыз. Біздің дипломаттарымыз әлі сол жақта, бірақ расында да әскери іс-қимылдар немесе соғыс басталып кетсе, оларды эвакуациялауға біздің жобамыз бар.