Хабар телеарнасы

Қазақстан мен Ресей Президенті екі ел экологиясын өңіраралық форумда талқылады

Мысалы, биыл Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымы рекордтық 20 млрд АҚШ долларына жетуі мүмкін. Аймақаралық мәселелердің біразы жоғары деңгейде айтылды. Екі ел арасындағы автомобиль бекеттерінің әбден тозғанын Тоқаев Путинге жеткізді.

Павлодар мен Ресейдің Омбы облысы арасындағы Үрлітөбе шекаралық бекеті 2003 жылы ашылған. Жыл басынан бері бұл бекетте есірткі, қару-жарақ пен оқ-дәрілер тасымалының 20-дан астам дерегі тіркелді. Қазақстандық тарап бекеттің материалдық-техникалық базасын жаңартуға баса мән беріп отырғаны да сондықтан. Қазақстан мен Ресейдің шекарасында осындай 30 пункт бар. Бірақ соның бесеуі ғана бақылау-тексеру кешендерімен жабдықталған.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Өкінішке қарай, олар сәт сайын істен шығып жатады. Бұл ретте Саратов, Орынбор, Челябинск, Курган, Тюмень және басқа да облыстармен шекарадағы өткізу бекеттері туралы айтып отырмын. Ресейдің Шекара қызметі аталған мәселені қамтамасыз ету үшін көліктердің жүк бөлімдерінде «технологиялық өту» сияқты жаңа талаптар енгізді. Сол тексеру аймағында жүргізушілерді жүктерін түсіруге мәжбүрлейді. Бұл көбіне тауарлардың бұзылуына әкеп соқтырады. Осыдан кейін тасымалдаушылар көлігінің 2/3 бөлігіне ғана жүк тиеуге мәжбүр. Нәтижесінде, көліктердің шығыны артып, тауар бағасы өседі.

Соған қарамастан көршілер арасындағы сауда көрсеткіштері көңілден шығады. Өткен 7 айда Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымы 34% артып, 14 млрд долларға жеткен. Владимир Путиннің бұл көрсеткішті жаңа рекордқа жеткізу болжамы бар.

Владимир Путин, РФ Президенті:

- Жыл аяғына дейін өзара сауда рекордтық көрсеткішке, 20 миллиард долларға жетеді деген болжам бар. Бұл аймақтық ынтымақтастықтың жемісі дер едім. Бүгінде Ресейдің 85 субъектісінің 76-сы Қазақстанның барлық облысымен тығыз байланыста

Экономикадан – экологияға. Бүгінгі XVII өңіраралық форумының негізгі тақырыбы да осы экология саласындағы ынтымақтастық болатын. Қазақстан мен Ресейдің шекарасы ортақ, демек, экологиялық проблемалары да ұқсас. Ел үкіметтері қоршаған ортаны қорғау туралы жеті келісімге қол қойса да, экологиялық жағдай оңалар емес.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Экологиялық ахуалдың нашарлауы тоқтайтын емес. Сондықтан аталған мәселелерді шешу халықаралық деңгейде бірлескен әрекеттерді күшейтуді талап етеді. Экономиканы көміртегінен арылту мәселесін екі ел Үкіметтері бірлесіп пысықтап, тәжірибе алмасуы қажет. Жайық өзенінің өте қатты тартылуы және ондағы экологиялық жағдайдың нашарлауы Қазақстанның ғана емес, сондай-ақ Ресейдің де шекаралас аймақтарындағы тұрғындар үшін аса қауіпті.

Ертіс пен Жайық. Қос өзеннің жағасында екі елдің 18 миллион халқы тұрады. Өткен жылы Ресей Қазақстан тарапының өтініші бойынша Жайық өзеніне су жіберуді 19% ұлғайтты. «Кезінде халыққа қызыл балық сыйлаған Жайықтың жайы мәз емес», - деді Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев. Есесіне Жайықтың жағасында мал ұстап, инвестиция салып, екі елдің халқын сапалы етпен қамтамасыз етуге болады. Әкімнің бұл пікірін Путин де қолдады.

Ғали Есқалиев, Батыс Қазақстан облысының әкімі:

Қазір бұрын болмаған жаңа мәселе пайда болды. Нарықта сапасыз ет толып кетті. Сондықтан ауыл шаруашылығындағы бірлескен инвестициялық жобалар бұрынғыдан да өзекті. Жайық өзенінің жанында миллиондаған гектар жайылымдық жер бар. Ресейдің Орал өңірі аймағында да таза ет өндірісін ұлғайтуға мүмкіндік бар. Жайықтан – Каспийге. Бұрын Каспий итбалығының саны 1 миллионға жететін, қазір 302 мың. Оның популяциясын сақтау үшін теңіздің солтүстігінде мемлекеттік резерват құру қажет екенін Президенттің өзі айтты. Киікті атпау, орманды өрттен сақтау, тіпті тұран жолбарысы да талқыға түсті. Форумның қызу өткені сонша, тіпті Президенттің басу айтуына тура келді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біз ресейлік ведомство жетекшілерінің кейбір сөзінен Қазақстан тарапына қатысты айтылған наразылық ноталарын байқадық. Біздің жетекшілердің де тиісті сұрақтары бар деп ойлаймын. Менің ойымша, бұл мәселелердің барлығын жұмыс режимінде, бар мәселені ушықтырмай және драмаға айналдырмай шешкен жөн. Себебі кез келген ынтымақтастық, шекаралық ынтымақтастық болсын, мемлекетаралық болсын, проблемасыз болмайды. Соларды шешу үшін де осындай  форумдар өткізіледі.

Форумның қорытындысы бойынша 13 құжатқа қол қойылды. Қос тарап келер жылы ХVIII форумда Орынборда кездесуге уағдаласты.

Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Айдос Ентебеков