Хабар телеарнасы

Президент Жамбыл облысында болған жарылысқа байланысты шұғыл жиналыс өткізді

Өкініштісі, олай болмаған тәрізді. Ақордада шұғыл жиын өткізген Мемлекет басшысы жауапты ведомство басшыларына қатысты осылай деді.

Аймақтағы ахуалға тікелей жауап беретін барлық құрылымның өкілі онлайн байланысқа шығып, Президенттің алдында жағдайды баяндады. Апаттың алдын алуға қауқарсыздық танытқандар енді оның салдарын жоюды өз мойындарына алуы тиіс. Қасым-Жомарт Тоқаев министрліктер мен аймақ басшылығына бірнеше тапсырма берді.

Алапат жарылыстың ымырт үйірілер тұста басталуы ахуалды тым қиындатып жіберді. Күштік құрылымның қызметкерлері түні бойы көз ілмеді. Әлі де тыным тапқан жоқ. Президент олардың еңбегін елеп, алғысын айтты. Ал апат салдарынан қаза тапқан азаматтардың отбасыларына көңіл айтып, зардап шеккен адамдардың тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

 - Жергілікті тұрғындар аман-есен. Өкінішке қарай, әскери қызметшілер мен құтқарушылар арасында адам шығыны бар. Олар қызметтік міндетін атқару барысында ерлікпен қаза тапты. Қайтыс болған азаматтардың отбасына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын. Жарақат алған адамдардың тезірек сауығып кетуін тілеймін.

Тура екі жыл, екі ай, екі күн. Арыс апатынан бері арада осынша уақыт өтіпті. Сол кездегі оқиғадан сабақ алып, кем-кетікті түзеуге жетерліктей уақыт. Бірақ тура сол жағдай тағы қайталанды.

Президент аталған қоймада жарылыс болу мүмкіндігін жауапты органдар біле тұра елемегенін, ескермегенін айтты. Қорғаныс министрлігі бұған дейін қоймада инженерлік қару сақталғанын мәлімдеген болатын. «Егер әскери қару-жарақ болса, жағдай бұдан да қиын болар еді», - деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

 - Жұмылдырылған барлық сала маманының жанкештілігінің арқасында жағдай бақылауға алынып, одан да көп шығынға жол берілмеді. Дегенмен өрттің салдары қиынға соқты. Адамдар зардап шекті. Жағдай өте қиын. Көптеген азамат баспанасын тастап кетуге мәжбүр болды. Елді мекендердің инфрақұрылымына зақым келіп, бірқатар ғимарат қирап қалды. Осыған байланысты шұғыл шаралар қабылданды. Бірақ әлі де көптеген қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу керек.

Дәл қазір шаруаны бір-біріне сілтеп, салғырттық танытатын кез емес. Сондықтан Президент орталық және жергілікті органдарға уақыт ұттырмай жедел қимылдауды тапсырды. Ең бірінші міндет – ауыл тұрғындарын өз үйлеріне қайтару, сосын апаттың себебін анықтау. Премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр жиыннан шыққан бойда Таразға аттанды. Президент оған жаңадан құрылған ведомствоаралық мемлекеттік комиссияны басқаруды тапсырды. Енді ол Жамбылда атқарылатын жұмыстың басы-қасында болып, қадағалайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

 - Қаза болған азаматтардың отбасын әлеуметтік қорғау және зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсету үшін барлық шара қабылдансын. Бұл мәселе Асқар Ұзақбайұлына тапсырылады. Денсаулық сақтау министрлігі төтенше оқиға салдарынан жарақат алған азаматтарға жан-жақты медициналық көмек көрсетуді ұйымдастырсын. Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігіне оқыс оқиғаның мән-жайын және кінәлілерді анықтау үшін сотқа дейінгі тергеу амалдарының мұқият жүргізуді қамтамасыз етсін.

Оқиға болған күні жарылыс аймағына жақын орналасқан елді-мекендерден үдере қашқан 200-ден аса адам арнайы жатақханаларға орналастырылды. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев аумақтағы өрттің бүгін кеш түскенше өшірілуі тиіс екенін жеткізді. Жағдай тұрақталса, тұрғындар түгел үйлеріне қайтарылады.

Бердібек Сапарбаев, Жамбыл облысының әкімі:

 - Қазіргі таңда ауруханаларда 28 адам жатыр. Оның бесеуінің жағдайы орташа ауыр. Бірақ дәрігерлердің айтуынша олардың өмірлеріне қауіп төніп тұрған жоқ. Қазір өртенген үйлер, нысандар жоқ. Бірақ шығын бар. Шығын негізінен шатырларда. Шифрлар, терезе әйнектері, есіктер сынған.

Қазір арнайы комиссия тексеріс жүргізіп,шығын көлемін есептеп жатыр. Ал Ішкі істер министрлігі иесіз елді мекенде қалған халықтың дүние-мүлкіне бас-көз болуы тиіс. Апат аймағындағы тәртіпке тікелей солар жауап береді. Ал жалған ақпарат таратып, қоғамда дүрбелең тудырушы топты Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Бас прокуратура тікелей бақылайды.

Авторы: Шынар Асанқызы