Хабар телеарнасы

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының төрағасы Волкан Бозкырмен кездесті

Осы күндері елімізде жүрген БҰҰ Бас Ассамблеясының төрағасы Волкан Бозкырмен Қасым-Жомарт Тоқаев жеке кездесті. Президенттің пайымынша, төрағаның бұл сапары жаһандық саясатта Орталық Азияның рөлі артып келе жатқанын көрсетеді. Сондай-ақ Мемлекет басшысы халықаралық қоғамдастықтың пандемия салдарына қарсы күресте жұдырықтай жұмылуы қажет деп санайды. Қажет болса, Қазақстан өз вакцинасын мұқтаж елдерге ұсынуға дайын. Ал Волкан Бозкыр Қазақстанның Сирия қақтығысын реттеудегі жұмыстарын жоғары бағалады. Әңгімелесу барысында Ауғанстандағы ахуалға байланысты өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселелері де сөз болды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Орталық Азияда болып жатқан ахуалды бағалау тұрғысынан Сіздің бұл сапарыңыз аса маңызды. Бұл аймақтың жаһандық саясаттағы рөлі өсіп келеді. Өзіңізді БҰҰ Бас Ассамблеясының сайланған төрағасы ретінде көргеніме қуаныштымын. Біз Біріккен Ұлттар Ұйымын мультилатерализмнің діңгегі ретінде қарастырамыз және оның мақсаттарын толық қолдаймыз. Пандемияның теріс салдары кезінде осы мақсаттарға қол жеткізу өте маңызды және Ассамблея Сіздің басшылығыңызбен бұл ретте үлкен үлес қосады деп сенеміз. Қазақстан да халықаралық қоғамдастықтың жауапты мүшесі ретінде дағдарыстың салдарын еңсеру үшін барлық күш-жігерін жұмсайды. Біз өзіміздің төл вакцинамызды әзірледік. Келешекте, қажет болған жағдайда, оны мұқтаж елдерге ұсынуға дайынбыз.

Волкан Бозкыр, БҰҰ Бас ассамблеясының төрағасы:

Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының жұмысына өте белсенді атсалысады. Сіз БҰҰ жүйесінде көп жыл жұмыс істедіңіз. Тәжірибеңіз мол. Елдің басшылығы да Ұйыммен белсенді ықпалдастық жасайды. Қазақстанның Сирия қақтығысын Астана процесі аясында бейбіт жолмен реттеуге қосып жатқан үлесін қолдаймын.