02:00Эфирде: ҚР Әнұраны
06:00Әрі қарай: ҚР Әнұраны
+7 (7172) 757 540
astananews@khabar.kz

Парламентте экономиканы коронадағдарыстан шығарудың жолдары талқыланды

  • Категория: Саясат
Парламентте экономиканы коронадағдарыстан шығарудың жолдары талқыланды

Былтырғы пандемияның қызу шағында ел экономикасы төмендеп, жұмыссыздық өскені жасырын емес.

Парламент палаталарының бірлескен отырысында былтырғы бюджеттің атқарылуы туралы Үкіметтің есебі тыңдалды. Одан бөлек экономиканы түзеу бағытындағы алдағы жоспарлар айтылды.

Жыл соңына дейін экономикалық өсім 3,5% құрауы тиіс. 8 трлн теңгенің 415 инвестициялық жобасын іске асыру міндеті тұр. Миллионнан астам адамды жұмыспен қамту көзделген. Сенат пен Мәжіліс депутаттары бюджеттің ашықтығы мен оны тиімді атқаруға қатысты бірқатар ұсыныс айтты.

Халықаралық сарапшылар 2020 жылға 100 жылдағы ең дағдарыстық кезең деген баға берді. Парламенттің қос палатасы былтырғы бюджеттің атқарылуын бірлескен отырыста талқылады. Премьер-министр Асқар Маминнің есебі бойынша, шұғыл шаралардың арқасында инфляцияны 7,5%, жұмыссыздықты 4,9% деңгейінде сақтап қалу мүмкін болды. Ал мемлекеттік бюджет кірісі трансфертті қоспағанда 102,7%, яғни артық орындалған.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-министрі:

 - Биыл Қазақстан экономикасы белсенді түрде қалпына келуде. 5 ай қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнімнің өсімі 1,6% құрады, экономиканың барлық саласында оң өсім байқалуда. Республика бойынша өңдеуші өнеркәсібі экономиканың негізгі драйверлерінің бірі болды. Соның ішінде машина жасау, химия өнеркәсібі, фармацевтика және жеңіл өнеркәсіп жоғары өсімді көрсетті.

Үкімет салыстырмалы түрде сараптама жасаған. Қазақстан коронадағдарысқа қарамастан тұрғын үй салу бойынша ТМД-ны басып озған. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер арасында ауыл шаруашылығы саласында көш бастаған. Былтыр 916 млрд теңгенің 201 жобасы іске асырылған. Есеп комитеті аудит жүргізіп, бірталай қаржының тиімсіз пайдаланылғанын анықтаған. Әрі пандемияда Ұлттық қордың 96% ақшасын жұмсауға тура келген. Сол себепті: «Мұнай-газ секторына тәуелділіктен арылу үшін кәсіпкерлікті, әсіресе өнеркәсіпті өркендету қажет», - деді комитет төрағасы.

Марат Құсайынов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: 

 - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған Ұлтық қор тағы да ел экономикасы үшін қауіпсіздік қорғанышы болды. Бюджет тапшылығы да ұлғайды. Оны қаржыландыру үшін Үкімет 3,1 трлн теңге қарыз қаражатын тартты. Ұлттық қор жинақтары төмендеп жатыр. Сонымен қатар жыл сайынғы борышқа қызмет көрсетудің бюджет үшін үлкен жүктеме екенін ерекше атап өту керек.

Ольга Перепечина, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

 - Ұлттық қор жинақтаудан тұтыну режиміне ауысып кетті. Республикалық бюджеттің кірісінде жыл сайын Ұлттық қор трансферттерінің үлесі өсіп барады. Былтыр ол 40% болды. Пандемияның қашан аяқталатыны белгісіз. Әрине, бұл – дағдарыста мәжбүрлі шара. Бірақ шикізаттық емес кірістердің жаңа көздерін іздеу қажет.

Сондықтан да Мәжіліс депутаттары Үкіметке бюджет тапшылығын қысқарту, Ұлттық қордан қаражат тартуды шектеу бойынша нақты шаралар қабылдауды ұсынды. Ол үшін экономиканың шикізаттық емес секторынан түсетін қосымша кірістерді көбейткен абзал. Парламенттің қос палатасының депутаттары әр жобаға сай қаражаттың атқарылуы туралы министрлер кабинетінен егжей-тегжейлі сұрады. Мәселен, кепілдендірілген тегін медициналық көмекті қамтамасыз ету үшін бюджеттен әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына шамамен 1,5 трлн теңге көлемінде трансферт жіберілген. Осы қаржының есебі нақтыланды.

Мәлік Құлшар, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

 - Алайда қордың бұл қаражатты қалай және неге пайдаланғаны туралы толық ақпарат есепте жоқ. Сонымен қатар бақылаудан тыс қалып отырған Әлеуметтік сақтандыру қоры және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры бойынша да осындай жағдай қалыптасып отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың кеңейтілген бюджетті енгізуге қатысты тапсырмасын орындау үшін Үкімет не атқарды?

Асқар Мамин, ҚР Премьер-министрі:

 - Осы тапсырманы орындау мақсатында біз бюджет кодексіне өзгерістер әзірледік. Осы өзгерістер бойынша бюджеттің тыс қорлары республикалық бюджет атқарылуы туралы есепке енгізіледі. Бірақ соның ішінде зейнетақы қорларының зейнетақы активтері кеңейтілген бюджетке қосылмайды. Өйткені бұл – азаматтардың жеке активтері, жинақтары. Жалпы осы тәсілдерді Мемлекет басшысы қолдады. Бұл тәсілдер 2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджетті қалыптастыру кезінде іске асырылады.

Депутаттар тарапынан халықты тұрақты еңбекпен қамту, бюджет заңнамасын жетілдіру, одан тыс міндетті төлемдерді толық бақылауға қатысты да бірқатар ұсыныс айтылды.

Азат Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

 - Кейбір министрлер бағдарламаларды атқару кезінде жансыз статистикаға көп көңіл аударатын секілді. Одан да халықтың мәселесін шешуге көңіл бөлінсе игі. Бюджет заңнамасының әдістемесі, оны бақылау модельдерін қайта қарайтын кез келді. Қазына қаражатын жұмсауға қатысты нақты тұлғалардың жауапкершілігін арттыратын жүйе керек.

Айқын Қоңыров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

 - Жол картасына 1 трлн теңгеге жуық қаражат бөлінген. Бірақ еңбек нарығында сапалы өзгерістер байқалмайды. Көбіне көп адамдар уақытша жұмысқа орналастырылған. Еңбекпен қамтудың картасы бойынша берілген жұмыстың 86% маусымдық болып шыққан. Еңбек бағдарламасы бойынша жағдай тура осындай.

Әрине, Үкімет қиын жағдайда шұғыл шараларды дер кезінде қолға алмағанда жағдай бұдан да күрделі болар еді. Есеп комитеті де, қос палата депутаттары да министрлер кабинетімен бірлесе жұмыс істеуге әзірлік танытты.  

Индира Жылқайдарова, тілші:

 - Ал Үкімет жыл соңына дейін экономикалық өсімді 3,5-4% жеткізіп, 1,2 млн адамды еңбекпен қамтуы тиіс. Бұл мақсат орындалса халықтың табысы 5% жақсарып қалмақ.  Айта кетейік, қазына қаржысын тиімсіз жұмсауды азайту үшін 2022-2024 жылдарға бюджетті әзірлеу кезінде мемлекеттік органдар алғаш рет бағдарламалардың экономикалық қайтарымын алдын ала жоспарлауы тиіс.

Сондай-ақ...