07:55Әрі қарай: «Летние Олимпийские игры. Токио - 2020. Дзюдо». Прямой эфир
+7 (7172) 757 540
astananews@khabar.kz

Президент елдегі газдандыру ісін сынға алды

  • Категория: Саясат
Президент елдегі газдандыру ісін сынға алды

Елімізде газдандыру деңгейі 53%-тен енді ғана асты. 2023 жылға дейін көрсеткіш 55%-ке жетуі тиіс.

Ал кейбір өңірлерде бұл жұмыс тым баяу жүріп жатыр. Олар – Нұр-Сұлтан қаласы, Қарағанды мен Ақмола облыстары. Президент осы үш аймақтың әкімдігін бір сынап алды. Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі газ өнеркәсібі саласының түйіткілдерін түгел айтып берді. Мемлекет басшысы жаңа газ орындарын барлаудан бастап, оны өңдеу, газдың нарықтағы бағасын реттеуге дейін жаңаша әдіс керек деп санайды.

Қазақстандықтар газ тұтыну көлемін жылма-жыл арттырып келеді. Бірақ газ өндіру қарқыны оған сай емес. Өткен жылы елде 55 млрд текше метрден сәл астам газ өндірілген. Энергетика министрлігі 2030 жылға дейін бұл көрсеткішті 93 млрд текше метрге жеткіземіз деп отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Еліміз газды жылдан жылға көбірек тұтынуда. Бірақ газ өндіру қарқыны оған сай емес.

Біздегі газ өндіру көлемі мұнайға тікелей байланысты. Оның үстіне жаңадан барланған кен орындары жоқ. Сол баяғы Теңіздің төңірегі, сол Қашаған, сол Қарашығанақ.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Тәуелсіздік жылдары көмірсутегі шикізатының негізгі көздері мұнай кен орындарына тиесілі болды. Газ кен орындарын барлап, игеруде, соның ішінде Каспий активтері бойынша іс жүзінде алға жылжу жоқ. Сондықтан  газдың ресурстық базасын геологиялық барлау жұмыстары арқылы кеңейту Үкімет пен «Самұрық-Қазына» қоры үшін саланы дамытудың негізгі басымдықтарының бірі болуға тиіс. Бағаны министрлік бекітеді. Саланы инвесторлар үшін тартымды ету үшін баға саясатын қайта қарау керек.

«ҚазТрансГаз» ұлттық газ компаниясы мәртебесін алады. Бұл жайында Президент айтты. Яғни ұлттық компания газды барлау, оны өңдеу, сату, экспортқа шығару секілді толық өндіріс циклі үшін жауап береді. Бұған дейін аталған компания «ҚазМұнайГаздың» құрамынан сытылып шыққан еді. Енді баға жайында. Елді-мекендерді газдандыру, оның тұтыну көлемін ұлғайтты, соңғы 5 жылда қазақстандықтар тұтынатын газ көлемі 12 млрд текше метрден 17-ге дейін ұлғайған. Яғни өсім – 40%.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- ТМД мемлекеттері арасында ең арзан газ бізде. Бұған дейін өңірлер бойынша газ тарифын реттеу және халықты қолжетімді газбен қамтамасыз ету жөнінде тапсырма бердім. Осы бағыттағы жұмыстарды жандандыру керек. Бір сөзбен айтқанда, халықтың әлеуметтік жағдайы төмен топтарын, сондай-ақ жұмысы газ бағасына тікелей байланысты экономика салаларын жүйелі түрде қорғау мақсатымен баға белгілеудің түсінікті әрі жаңа ашық моделі қажет. Үкіметке 1 қыркүйекке дейін аталған мәселенің әдіс-тәсілдерін әзірлеуді тапсырамын.

Соңғы 3 жылда сұйытылған газды пайдалану көлемі елде екі есе артқан. Мысалы, Маңғыстау облысындағы автокөліктердің барлығы дерлік бензиннен сұйытылған газға көшкен. Аймақта газ өңдейтін жалғыз зауыт әбден ескірген. Мемлекет басшысы осы кәсіпорын базасында 2023 жылға дейін жаңа зауыт салу тапсырмасын тағы бір рет қайталады. Елдегі сұйытылған газға деген сұранысты Ақтау мұнай өңдеу зауыты да орындап отыр. Бірақ зауыт 2018 жылы модернизациядан өтсе де, жиі істен шығады. Президент бұдан да хабардар.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Кәсіпорын жұмысында әлі де іркілістер бар. Нәтижесінде, мұнай өнімдерінің барлық түрі бойынша өндіріс көлемі кеміп, соның ішінде сұйытылған газ азайып кетті. Бұл жанармай құю станцияларындағы тапшылыққа және бағаның шарықтауына алып келді. Осыған байланысты Үкіметке сұйытылған газға деген сұраныстың арту перспективасын зерттеп, оны өндірудің қосымша қуат көздерін іздестіру жөнінде ұсыныс енгізуді тапсырамын. Газ тарату жүйесіне қатысты мәселені жеке қарастыру қажет. Қазіргі уақытта аталған процесс жабық  әрі түсініксіз жағдайда іске асырылады. Бұл сыбайлас жемқорлықтың етек жаюына алып келеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- «Сарыарқа» магистральді газ құбыры 2019 жылы уақытылы пайдалануға берілген. Бүкіл елімізге ортақ бұл әлеуметтік маңызы бар жоба экологиялық жағдайды жақсартуға және тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған. Әкімдіктердің салғырттығынан тұрғын үйлерді газбен қамтамасыз етудің белгіленген мерзімдері кейінге шегерілуде. Сондықтан Үкіметке нақты мерзімін, индикаторлар мен жауапты тұлғаларды көрсете отырып, аталған өңірлерді газбен қамтамасыз ету жоспарын жандандыруды тапсырамын.

«Мұнай-газ химиясы саласында өнім түрін көбейту керек», - деді Президент. Нарықтағы сұраныс полипропилен немесе полиэтиленмен ғана шектелмейді. Президент Үкіметке дайын өнімді әртараптандыруға басымдық бере отырып, саланы одан әрі дамыту тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақстан 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізетінін мәлімдеді. Бұл – өте қиын міндет. Қазақстан – әлемдегі энергияны көп тұтынатын елдердің бірі. Сондай-ақ электр энергиясының 70% көмірден өндіріледі. Газ – отынның анағұрлым таза түрі. Сондықтан 2030 жылға қарай газ өндіру көлемін қазіргі 21-ден 33 миллиард киловатт сағатқа дейін, яғни бір жарым есе арттыруды тапсырамын. Менің тапсырмам бойынша ол кезеңге дейін жаңартылатын энергия көздерінің үлесі 15% жетуі тиіс. Осылайша, алдағы онжылдықтың соңында елдегі электр энергиясының жартысына жуығы экологиялық таза көздерден өндіріледі.

Бұған дейін Мемлекет басшысы елдегі электр энергиясының бүгіні мен келешегіне қатысты кеңес өткізген болатын. Ал бұл жолы газ өнеркәсібінің межесі мен міндеті айқындалды.

Сондай-ақ...