Хабар телеарнасы

ҚР Президенті бірқатар мемлекеттің елшілерінен сенім грамоталарын қабылдады

Мемлекет басшысы шетелдік дипломаттарға Қазақстанның сыртқы саясаты, экономикалық және инвестициялық мүмкіндіктері, өңірдегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етудегі қызметі жайында мәлімет берді. Президенттің пайымынша, бұл төрт елмен арадағы ықпалдастықтың мәні зор, сондықтан экономикалық байланыстарды бекемдей түсу қажет. Мысалы, Қазақстан Жапониямен технология мен «жасыл» экономика төңірегінде тығыз ықпалдасуы қажет болса, АСЕАН мемлекеттерінің бірі Камбоджамен экономиканың барлық саласында серіктестікті жандандыра түсу керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақстан экономикасы жоғары держава саналатын, сондай-ақ технология, «жасыл» экономиканы дамыту, білім беру және әлеуметтік әділдік салалары бойынша үлгі болып келе жатқан Жапониямен арадағы ықпалдастықты нығайтуға баса мән береді. Былтыр Премьер-Министр Ёшихидэ Сугамен телефон арқылы сөйлестік. Әңгімеміз жемісті болды. Менің шақыруым бойынша оның Қазақстанға жасайтын сапары жан-жақты серіктестіктің келешек жол картасын қабылдауға мүмкіндік береді деп ойлаймыз. Ал Камбоджамен өзара тығыз ықпалдастықты дамыту ­Қазақстанның Оңтүстік Шығыс Азия аймағында жүргізіп отырған сыртқы саясатының бір бөлігі. «Бір белдеу – бір жол» бастамасындағы Қазақстанның атқаратын маңызды рөлі және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болуы АСЕАН мемлекеттерімен, соның ішінде Камбоджамен арадағы қарым-қатынасты нығайтуға жаңа мүмкіндіктер береді.

Ал елшілер өз кезегінде дипломатиялық миссиясын мінсіз атқаруға уәде етті. Өз жоспарларымен және болжамдарымен бөлісті. Мысалы, Камбоджа елшісі Ким Хенг Миэ Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен Еркін сауда келісімін жасағысы келеді. Бұл ретте Комбоджа биыл осы ұйымның төрағалағын атқарып отырған Қазақстанның қолдауына иек артады. Ал Үндістан елшісі Қазақстанға коронавируспен күрес барысында көрсеткен көмегі үшін алғыс айтты.

Шубдаршини Трипати, Үндістанның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі:

- Біздің серіктестігіміз стратегиялық маңызға ие. Сауда мен экономика, қорғаныс пен әлеуметтік салаларда байланыс бар және ол мығым. Коронавирустың алдын-алудағы күресте Қазақстанның көрсеткен көмегі үшін алғысымды жеткізгім келеді.

Джун Ямада, Жапонияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі:

- Менің Қазақстандағы елшілік қызметім осы ел тәуелсіздігінің 30 жылдығымен тұспа-тұс келгеніне қуаныштымын. Қазақстан мен Жапония арасындағы дипломатиялық байланыстарды одан әрі бекемдей түсуге бар күш-жігерімді саламын.