16:00Әрі қарай: Телесериал «Департамент»
+7 (7172) 757 540
astananews@khabar.kz

2025 жылға қарай ауыл халқы 100% ауызсумен қамтылады

  • Категория: Саясат
2025 жылға қарай ауыл халқы 100% ауызсумен қамтылады

Биыл 480 ауылды дамыту үшін 105 млрд теңге бағытталады.

Мұндай қыруар қаражат инфрақұрылым, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын дамыту секілді мыңнан астам жобаға жұмсалмақшы. Жалпы ел бойынша 6 мың 316 ауылдың ішінен даму әлеуеті бар 3.5 мыңы іріктелді. Яғни бұл елді мекендерде тұрғындардың 88%-і өмір сүреді. Аталған ауылдар осы демографиялық көрсеткішке, экономикалық белсенділікке, инфрақұрылымның жай-күйіне қарай жіктеліпті. Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі осылай деді. Әсет Ерғалиевтің айтқандары рас болса, алдағы уақытта ауыл тұрғындары керемет өмір сүреді. Ол үшін елді мекендердегі инфрақұрылым мәселесін шешуге 5 жылдың ішінде 800 млрд теңге бөлінеді екен. Сөйтіп 3 жарым мың ауылдағы 7 млн тұрғынның өмір сүру сапасы жақсарады.

Министр: «2025 жылға қарай ауыл халқы 100% ауызсумен қамтылады және тұрғындар жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізеді», - деді. Жергілікті маңызы бар жолдардың 95%, ал ауыл ішіндегі 10 мың шақырым жол жөнделіп, салынбақ. 24 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. 110 мың жер учаскесі жеке тұрғын үй құрылысы үшін қажет инфрақұрылыммен қамтылады. 12 мың шақырым инженерлік желі салынады. 500 мың жаңа жұмыс орны ашылады.

Ұлттық экономика министрі мұнымен тоқтағысы келмеді. Әсет Ерғалиевтің уәдесіне сенсек, ауылдарда 315 жаңа мектеп салынады. Қосымша 5 мың мектеп жаңғыртылады. Барлық ауыл мектебі білікті педагогтармен қамтылады екен. 3 жастан 6 жасқа дейінгі балалар 100% мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтылады. Ауылдарда спортпен айналысу және шығармашылық үйірмелерді дамыту үшін 1 мың 719 спорт және 748 мәдениет нысаны салынып, жаңғыртылады. Денсаулық сақтау саласында 1 мың 95 нысанды салу және жаңғырту, ауылдық жерлердегі денсаулық сақтау жүйесінің сапасын және қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Ауылды көркейту үшін Ұлттық экономика министрі осылай деді.

Ал Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров алдағы 5 жылда тұрғындарға 250 млрд теңге сомаға 50 мың микрокредит беруді жоспарлап отыр. Жоспар мұнымен бітпейді. 2024 жылға дейін 19 құс фабрикасын, жыл сайын 35 сүт фермасын, 9 ет комбинатын іске қосу және Жамбыл облысында 1 қант зауытын салу көзделген. 6.6 мың гектар жер баққа айналады. Осыларды жүзеге асыру арқылы ауылда 20 мыңға жуық жұмыс орны ашылады екен. Сапархан Омаровтың пайымдауынша, несие беру арқылы жаңа жұмыс орындарын құруға болады. Мәселен, «Алтын асық» бағдарламасы бойынша 11 мың шаруашылыққа 117.2 млрд теңге көлемінде несие беріледі. Сөйтіп 33 мың 498 жұмыс орны ашылмақ.

Сондай-ақ...