Хабар телеарнасы

Қ.Тоқаев: әр азаматтың мүддесін қорғау – басты мақсатым

Саяси сарапшылар: «Сабақтастық пен жаңғыру бағытын ұстанған елдің дамуы жаман болмайды», – дейді.

Кез келген елдің сара жолын салып берген тұлғасы болады. Түріктер– Ататүрікті, Америка - Рузвельтті, Сингапур - Ли Куан Ю-ды құрметтейтіні де содан болса керек. Ал тәй-тәй басқан жас мемлекетті аяқтан тұрғызуда Елбасының еңбегін жоққа шығаруға болмас. Нұрсұлтан Назарбаевтың биліктегі 30 жылында еңсерілген қиындықтар мен жетістіктеріне тарих куә.  

 Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы:

- Пәтерлерді жылытатын жылу болмай, суық үйде тұрды. Жалақыға, зейнетақыға ақша жоқ. Дүкендер бос. Елдің сенімін арқалап, 30 жыл ішінде серіктестеріммен, замандастарыммен бірге 100 жылға татитын шаруаны атқардық. Оның бәрі елге мәлім.

Революциялық емес, эволициялық жолмен де мақсат-мұратқа жетуге болады. Оған дәлел – Елбасының президенттік өкілеттігін уақытынан бұрын тоқтатып, ел тізгінін Тоқаевқа беруі. Бастысы, сабақтастық сақталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Президент ретінде халқымызға мынаны айтқым келеді: «Еліміздің әр азаматының мүддесін қорғау – менің басты мақсатым. Оларды саяси көзқарастары мен ұстанымдарына қарай бөлуге жол бермеймін!»

Қоғам жаңа Президенттен жаңашылдықты күтетіні заңды. Билік бірден бұқараға бет бұрды. Президенттік қызметке кіріскен бойда алғашқы Жарлықтарының бірін халықтың қарызын кешіруге арнап шығарды. Жауапсыз несие беруді заң жүзінде тоқтату керектігін тапсырды. Шетелдіктерге жер сатылмайтынын кесіп айтты.

Ерлан Сайыров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Осы екі жылдың ішінде қоғамда қандай прогрессивті сұраныстар бар, солардың барлығына жауап берілді деп ойлаймын. Ұлттық Кеңес құрылды. Ұлттық кеңестің аясында Парламент елімізде саяси плюрализмді бағыттауға арналған 8 заң қабылдапты. 

8 заңның да артар жүгі ауыр. Көшеге көтеріліс үшін емес, көпшіліктің пікірін жеткізу үшін шығатын бейбіт шеруге рұқсат берілді. Әкімдерге менмен емес, елмен болуды міндеттеді. Балаларға зорлық көрсеткендердің жазасы ауырлады. Сайлау және саяси партиялар туралы заңға өзгеріс енгізілді.

Төлеутай Рахымбеков, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі:


- Біраз саяси реформаларға көзқарас өзгерді. Жақында ғана өткен сайлаудың өзі соған дәлел болмақ. Мен 2016 жылы мәжіліс пен мәслихаттар сайлауына да қатысқанмын. Биылғы сайлау жоғары деңгейде өтті деп есептеймін.

Коронавирус індетімен күрес кезінде де 4,5 миллионнан астам адамға 42500 теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетілді. Бір миллионнан астам азаматқа азық-түлік пен тұрмыстық заттар үлестірілді. 2 миллионға жуық адамның несие төлеу мерзімі кейінге шегерілді. 700 мыңнан астам компания мен кәсіпкерлердің салық жүктемесі азайтылды.

Марат Башимов, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі:

- Шынын айту керек, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың зейнетақы қорындағы қаржыны алу туралы шешімі көптің көкейінде жүрген мәселе еді. Мұның өзі Президенттің халықпен бірге екенін көрсетіп отыр.

Бұдан бөлек, мұғалімдердің еңбекақысы кезең-кезеңімен 25 % дейін өсті. Дәрігерлердің еңбекақысы орташа жалақыдан екі жарым есеге артатын болды. Қазір 247 мың медицина қызметкерінің жалақысын көтеруге республикалық бюджеттен қаржы қарастырылып қойыпты.

Алуа Жолдыбалина, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директорының орынбасары:


- Осы екі жылдың ішінде Қасым-Жомарт Кемелұлы өте қиын жағдайда жұмыс істеді. Оған әсер еткен фактор – коронавирус. Бұл Қазақстанның тарихында болмаған жағдай. Мұндай Төтенше жағдай енгізген емеспіз және дәл бүгінгідей пандемия жағдайында өмір сүрген емеспіз. Бұл мемлекет пен қоғам алдында тұрған орасан зор жауапкершілік деп білеміз.

Ғаламдық геосаяси жағдай ушыққан қазіргідей сәттерде Қазақстан үшін ең алдымен елдің тыныштығын сақтау – басты мұрат. Демек ішкі және сыртқы саясаттағы оң шешімдер мен батыл қадамдар ғана елдің қауіпсіздігі мен тәуелсіздігіне кепіл бола алды.

Авторлары: Шынар Асанқызы, Бекболат Базаров