Хабар телеарнасы

Министрлер кабинетінің жаңа құрамы жасақталды

Сонымен екі ведомствоның басына жаңа басшы келді. Атап айтқанда, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болып Серік Шәпкенов тағайындалды. Ол былтырғы жылдың маусым айынан бері аталған ведомствоның вице-министрі болып қызмет атқарған болатын. Сондай-ақ ҚР Ұлттық экономика министрі де ауысты. Бұл ведомствоны енді Әсет Ерғалиев басқарады. Ол да бұл күнге дейін осы министрліктің бірінші вице-министрі болған. Ал Үкімет басшысының үш орынбасары Әлихан Смайылов, Ералы Тоғжанов және Роман Скляр өз лауазымдарына қайта тағайындалды. Тек вице-премьерлердің қатары тағы бір адаммен толықты. ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердіге Премьер-Министрдің орынбасары қызметі жүктелді. Ол екі қызметті қатар атқаратын болады. Қалған министрліктерде кадрлық өзгеріс болған жоқ, бәрі өз орнында қалды.

Айта кетейік, Мәжіліс комитеттерінде Премьер-Министрдің орынбасарлары мен министрлер лауазымына тағайындау үшін кандидатуралар таныстырылған болатын. Аталған кандидатураларды қолдамас бұрын, депутаттаттар бірқатар мәселе төңірегінде сұрақ-жауап  түрінде пікір алмасты.

Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Қазіргі таңда апаттық жағдайдағы үлкен мектептердің саны 237. Бұл мектептер Атырау, Түркістан, Жамбыл облыстарына тиесілі. Ералы Тоғжанұлы осы мәселенің шешілуі, қаржылық жағы, мерзімдік мәселелері қаншалықты қарастырылған?

Ералы Тоғжанов, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:

- Екі мыңнан төрт мың бала оқытатын мектептер қарастырылған. Биыл 50 мектеп деп жоспарлап отырмыз, егер әрқайсысын үш мың бала деп есептейтін болсақ, біраз мәселе шешіледі деп ойлаймын.