Хабар телеарнасы

Мемлекет басшысы Қарағандыдағы бірқатар нысанды аралап көрді

Білім ордасына Мемлекет басшысының өзі барды. Қасым-Жомарт Тоқаев өңірге сапары барысында ферроқорытпа зауытының жұмысымен де танысты. «АрселорМиттал Теміртау» металлургиялық комбинатын аралап, әскери жабдық шығаратын бірегей кәсіпорында болды.

Әуелі жаңадан ашылған кәсіпорындардан бастайық. Бұл – елімізде әскери жабдық шығаратын жалғыз зауыт. Биыл ғана іске қосылды. Жылына 30 млн дана өнім жасауға мүмкіндік бар мұнда. Тапсырыс көбейіп жатса өндіріс көлемі ұлғайтылады. Президент: «Бұл бағыттағы өндірістің келешегі зор», – деді. Осы орайда баламалы энергияға басымдық беру керектігін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бүкіл әлем аталған бағытта дамып жатыр. Мен Германияға барғанда осы тақырыпта неміс компанияларының жетекшілерімен сөйлестім. Жалпы олармен ынтымақтастыққа назар аудару керек деп санаймын. Күн электр энергиясы болашақта бірқатар проблеманы шеше алатын қуатты көзге айналады. Ол сонысымен тартымды.

Айттық, мұндай зауыттың елде баламасы жоқ. Бірегей болған соң кәсіпорынға шетелдің ең озық деген қондырғылары қойылған.

Қайрат Мұсағалиев, зауыттың техникалық бақылау бөлімінің басшысы:

- Осы зауытта қолданылатын мынау Канадалық әлемге аты әйгілі «Магнум» деген жабдықтары толығымен орнатылған. Барлығы автоматтандырылған. Өнімділігі, дәлділігі өте жоғары. Сондықтан бұл жерде адамдардың қателігі ығыстырылған.

Бұл – Қарағандыда іске қосылған тағы бір жаңа кәсіпорын. Ферроқорытпа зауыты. Бірнеше инвестор бірігіп, былтыр ғана ашқан. Ферросилиций өндірісі бойынша зауыт әлемде қазір бесінші орынды иеленеді. Жылына 180 мың тонна ферросилиций өндіріледі. Енді төртінші пеш іске қосылмақ. Ол кезде бір жылда 240 мың тонна ферросилиций шығарылады. Нәтижесінде зауыт дүниежүзінде ірілігі жағынан бесінші емес, төртінші орында болады.

Сенесіз бе, әлемдегі мұндай зауыттарда кемі 7 мыңдай адам қызмет етеді. Ал жылына 180 мың тонна ферросилиций шығарып жатқан Қарағандыдағы кәсіпорында 560 жұмысшы ғана бар. Неге? Себебі өндіріс түгел автоматтандырылған. Тиісінше кәсіпорын айналаны былғамайды.

Ерлан Нығматулин, YDD Corporation ЖШС акционері:

- Өндірістің тазалығы 99% асады. Қалдық жоқ деуге болады. Бәрін кәдеге жаратамыз. Нақтырақ айтсам, қалдықтан микрокремнезем шығарып, оны да сатамыз. Осы қалдықтан түскен пайда жұмысшыларымыздың бір айлық жалақысын төлеуге жетіп тұр. Зауытымыздағы орташа еңбекақы 305 мың теңге. Бұл республикалық деңгейдің өзінен жоғары.

Пандемия кезінде де мына зауыт дамылдаған жоқ. Сақтық шараларын сақтай отырып, жұмыс істеді. Нәтижесінде экспорттың географиясы кеңейтілді. Қазір Қарағандының ферросилициі әлемнің 37 еліне сатылады. Өндірісті аралаған соң Президент: «Жаңа кәсіпорынның экономикамыздан орны ерек болады», – деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Сіздерді құттықаймын! Бұл экономикамызға жақсы актив болады. Жаңа кәсіпорын индустрияландыру бағдарламасының жарқын жемісі деп айтар едім. Мен осы жаққа келе жатқанда сіздердің өндірістеріңізбен танысқым келді. Көрдім, барлығы жақсы жолға қойылған.

Президент әйгілі «АрселорМиттал Теміртау» металлургиялық комбинатына да барды. Темірдің бірнеше түрін шығаратын алып кәсіпорын экономикада ғана емес, тарихымызда ерекше мәнге ие. Мұнда елдің Тұңғыш Президенті – Елбасы еңбек жолын бастағанын халық жақсы біледі. Қанша дегенмен өткен ғасырдан бері жұмыс істеп тұрған ірі өндіріс орны ғой. Қордаланған проблемалары баршылық. Президент: «Мәселелеріңіз шешіледі», – деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бұл кәсіпорынның алдында тұрған міндеттер аз емес. Сондықтан оларды бірте-бірте шешу керек. Премьер-Министрмен, облыс әкімімен сөйлестім.

Комбинат жұмысшылармен сөйлескен Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпорынның алдына өнімділікті ұлғайту міндеті қойылғанын атап өтті. Қуаттылықты арттыруға мүмкіндік жетеді. Оған дәлел пандемия кезінде әлемдегі алпауыт компаниялар жабылып жатқанда, мұнда жұмыс тұралаған жоқ.

Жанасыл Дүйсенбаев, комбинаттың сұрыптау-іріктеу цехының аға шебері:

- Шүкір, өндіріс жағынан былтырғы жылмен салыстырғанда сол қалыптамыз. Өндіріс жағдайы төмендеген жоқ деп айтуға болады. Қалыпты өндіріс болып жатыр.

Білім-ғылымға ұдайы айрықша көңіл бөлетін Президент Қарағандыда жуырда ашылған 1200 орындық мектеп-гимназияға да барды. Оқу ордасы үш жылдың ішінде салынған. 60-тан аса сынып бар. Білімнің алтын ұясын аралаған Қасым-Жомарт Тоқаев кезекші сыныптағы оқушылармен сөйлесті. Ағылшын тілінде.

Жаңадан ашылған мектеп-гимназиясына үш ауысыммен жұмыс істеген іргедегі өзге мектептің оқушылары көшірілген. Осылайша күрделі проблема шешіліп жатыр. Қалада енді үш ауысыммен оқытатын жалғыз-ақ мектеп қалды.

Жадыра Баймолдина, №104 мектеп-гимназиясының директоры:

- Дәл осы аудандағы №81 жалпы білім беретін орта мектептен қазақ сыныптары бүгінгі күнде 900 бала ауысып келді. Мектепте балалардың өздерінің икемді дағдыларын дамыту үшін барлық мүмкіндік жасалған.

Қандай мүмкіндік? Атап өтейік, робототехника сыныбы бар. Арт студия жұмыс істейді. Тіпті қаланың өзге орта мектептерінде жоқ арнайы телестудия ашылған.

Жаңа мектепте қашықтан білім беретін барлық мүмкіндік бар. Мемлекет басшысына сол әлеует таныстырылды. Соңында Қасым-Жомарт Тоқаев қашықтан оқытуға бейімделу бүгінгі жаһандану дәуірінің талабы екенін айтты.

Алдағы уақытта №104 мектеп-гимназиясына Абай Құнанбайұлының аты беріледі. Ұсынысты Қасым-Жомарт Тоқаев қолдады. Оқу орны ұлы ақын әрі ойшылдың мұраларын зерттеп, насихаттайтын орталыққа айналады. Жұмыс сапары барысында Президент теннис орталығында болды. Бұл кешен де биыл пайдалануға берілді. Бір мезгілде мұнда 650 бала жаттыға алады. 11 алаң бар. Оның жетеуі нысан ішінде. Сонымен қатар дене шынықтыруға арналған залдар жұмыс істейді. Жалпы бүгінде Қарағанды өңіріндегі жұрттың 30,5% спортпен шұғылданады. «Бұл орайда үлкен теннистің алар орны айрықша», – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Үлкен теннис қазір жақсы дамып жатыр. Бірқатар облыс орталығында осындай кешендер бой көтерді. Бұл өз кезегінде елде үлкен теннистің өркендеуіне ықпал етеді. Тіпті халықаралық жарыстарда алғашқы нәтижелер бар. Мұндай жұмыстар жалғасуы тиіс. Алдағы уақытта бұл орталықтан Геннадий Головкин, Серік Сәпиев, Эльмира Сыздықова сынды әлемге әйгілі спортшылар шығады деп сенемін.

Үлкен тенниспен қатар қалада үстел теннисіне де баса мән берілген. Оған дәлел – мына кешен. Енді ғана ашылып жатқан спорт нысаны халықаралық талап бойынша салынған. Алдағы уақытта мұнда әлемдік деңгейдегі жарыстарды өткізуге болады.

«Бәрі дұрыс болады» деп Мемлекет басшысы өрендерді қайрады. Ертеңгі күндеріне сеніммен қарауы үшін. Алдағы уақытта да жаңа мүмкіндіктерге жол ашылады. Заманауи нысандардың қатары толыға түседі. Келесі жылды айтпағанда биылдың өзінде облыста 85 спорт нысаны пайдалануға берілмек.

Авторлары: Қорған Төреқожа, Еділ Ермекбаев, Бақытбек Нұртаев